Бұл туралы ата-аналармен де, балалармен де өз-өзіне қол жұмсау тақырыбында жұмыс істейтін психолог маман Венера Елеуден сұрадық. Маман ата-аналарға жасөспірімдерді суицидке итермелейтін себептерді ғана емес, оның алдын алу жолдарын және жасөспіріммен сепарациядан қалай жұмсақ өтуге болатынын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жасөспірімдік кезеңдегі суицидтің себептері неде болуы мүмкін?
Орташа есеппен кіші жасөспірімдік кезең деп аталатын 9-10 жастан бастап баланың бойында табиғи түрде үлкен өзгерістер басталады. Бұл кезең – кеше ғана ойнап жүрген баланың жасөспірім шаққа өтетін кезі. Ол кезде бала әлі кішкентай да емес, ересек те емес, өте көп физикалық өзгерістер болады. Жыныстық жетілу және өмірдің басқа да салаларында өзгерістер көп болады және шын мәнінде бала өзін түсінбейді. Мамандар балалар суицидінің көпшілігі осы кезеңмен байланысты екенін айтады. Оған жасөспірімнің бойында пайда болатын комплекстер, психологиялық қысым, өзін жалғыз сезінуі, бұрын беделге ие болған ата-анасының кемшілігін байқауы себеп болуы мүмкін.
Бұл кезең – ата-анамен қарым-қатынастың қиындай түсетін кезеңі. Себебі ата-ана мен бала арасындағы сепарацияның жаңа кезеңі басталады. Табиғи түрде ата-ана мен бала алшақтауы керек. Сондықтан бала ата-ана бойындағы кемшіліктерді көре бастайды. Бұрын ата-ананың ұрысқаны қалыпты болып көрінсе, қазір олардың қолдарынан ештеңе келмейтіндей көрінуі мүмкін. Олардың ұрыстары, басқа адамдармен қарым-қатынастары, бәлкім ажырасу кезеңі, өзінің өмірлік дағдарыстары балаға өте қатты әсер етеді.
Келесі мәселе – буллинг. Буллинг мәселесі қазір өзекті, ол бұрында да өзекті болған. Білеміз ғой, табиғаттың заңы мықтылар әлсіздерді әрқашан ысырады және мектеп кезінде болсын, аулада болсын одан қашып құтылу мүмкін емес. Суицидке, баланың өзін түсінбеуіне, оның жалғыз қалуына алып келетін тақырыптардың бірі – буллинг. Баланың ересектерден немесе өзінің қатарластарынан қоқан-лоқы, қиындық көруі, қоғамнан шеттетілуі бала тұрмақ ересек адамды үлкен психологиялық мәселеге алып келуі мүмкін.
Ата-ана баланың бойындағы суицидке әкелуі мүмкін өзгерістерді қалай байқай алады?
Ата-ана қиындыққа ұшырап, бұл өмірден кеткісі келіп жүрген баланы көре алуы үшін оған дейінгі баланы жақсы тануы керек. Иә, таңертеңнен кешке дейін ата-ана жұмыста жүруі мүмкін. Бірақ баланың ең маңызды кезеңі 5-7 жасқа дейін. Ол кезге дейін ата-ана баласын жақсы таныса, одан кейін баланың өзгерісін байқау қиын болмайды. Өйткені ашық-жарқын бала томаға тұйық балаға айналып кетеді. Бұрын көп ешкіммен сөйлеспейтін интроверт бала аяқ астынан адамдармен әңгімелескіш болып кетеді. Сондай-ақ баланың өзгерісін күнде бірге өткізетін кешкілік 4-5 сағат, таңертеңгілік 1-2 сағатта көре алу үшін ата-ана өзінің сезімдерін, өзін жақсы тануы керек. Бала ең бірінші рет жақынының өлімімен кездесуі мүмкін, жыныстық қарым-қатынасқа, ақшаға қатысты сұрақтармен бетпе-бет келуі мүмкін, біреуге ғашық болуы мүмкін, буллингке ұшырауы мүмкін, жай ғана бір нәрсені түсінбеуі мүмкін. Ал бала психикасы үшін ол өмірдің соңы болып көрінуі мүмкін. Себебі бала ересек емес. Сондықтан баланың нәзік әлеміндегі өзгерістерді көре алу үшін ата-ана баланың оған дейінгі кезеңін жақсы біліп қана қоймай, өзін де жақсы тануы керек.
Баласының жасөспірім шағындағы өзгерістерін қабылдай алмай жататын ата-аналар болады. Осындай жағдайда ата-анаға сепарациядан жұмсақ өту үшін қандай кеңес берер едіңіз?
Негізі әр адамға психологиялық сауат қажет. Мысалы өмірге алып келген балаңның қалай дамитынын жатқа білу керек. Негізі сепарация туғаннан басталады. Жатырдағы баланың ана құрсағынан шығуының өзі – алғашқы бөліну. Сол кезден бастап бала ата-анаға тәуелді, ата-ана балаға толығымен жауапты болғанның өзінде сәбидің бөлек адам екенін қабылдау керек. Ал жасөспірім шақтағы сепарацияға келетін болсақ, ең бірінші бұл туралы көп білу маңызды. Өйткені бұл кезеңде баламен бұрынғыдай емін-еркін сөйлесу мүмкін емес нәрсеге айналуы мүмкін. Яғни баланың психикасына ары қарай ешқандай жарақат салғыңыз келмесе, оның толықтығын, тұлғасын бұзғыңыз келмесе, бұл нәрсенің заңды екенін және сіз бұл жерде жалғыз емес екеніңізді мойындап, қабылдауыңыз керек. Екіншіден, ешқашан махаббатты жоғалтпау. Өйткені ата-анадан “Қазір сенімен араласу маған қиын, бірақ бәрібір мен сені жақсы көремін” деген бір ауыз сөзді есту бала үшін қай жаста да қымбат. Жасөспірім шақтан өткеннен кейін де бәрібір бала үшін ата-ана ата-ана ретінде қалады. Өзінің орнын, мәртебесін жоғалтып алмайды. Ұмытпау керек үшінші нәрсе: сіз бәрібір балаңыздан мәртебе жағынан жоғарысыз. Яғни ата-ана ретіндегі билігіңізді жоғалтып алмау керек, сіз бәрібір әсер ете аласыз. Баланың қалауларымен қоса белгілі бір міндеттері әрқашан болуы керек. Мысалы, “бұл үйде мен басшымын және менің қамқорлығымды болсаң, бөлме жинау, күнделікті кешке қоқыс төгу сияқты міндеттерің бар” дегендей айту.
Әңгімеңізге рақмет!