Ұлттық статистика бюросы 2024 жылғы қаңтар-маусымдағы демографиялық жағдайына шолу жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша халық саны 20 159 707 адамды құрады, оның ішінде қала тұрғындары – 12 573 637, ауыл тұрғындары – 7 586 070 адам. 6 айда халықтың жалпы өсімі 125 867 адамды құрады.
2024 жылдың алты айында Қазақстанда 184,7 мың бала дүниеге келді, қайтыс болғандар саны – 66,1 мың адам. Осылайша, халықтың табиғи өсімі 118,6 мың адамды құрады.
Туудың ең жоғары деңгейі Маңғыстау (1000 тұрғынға 24,80 адам), Түркістан (24,78) облыстарында және Шымкент қаласында (23,55) байқалды. Өлім-жітімнің ең жоғары деңгейі Солтүстік Қазақстан (1000 тұрғынға шаққанда 11,77), Шығыс Қазақстан (11,36) және Қостанай облыстарында (10,16) байқалды, бұл осы облыстар халқының жас құрылымымен байланысты жағдай.
Сонымен қатар, алғашқы жарты жылдың ішінде 57,5 мың неке қиылып, 18,6 мың ажырасу тіркелді.