Биылғы көктемде Қазақстанның кемінде бес өңірінде су тасқыны қаупі күшеюі мүмкін. Елдің солтүстігінде, орталығында және шығысында топырақтың терең қатуы, сондай-ақ қар мен ылғал қорының нормадан артық жиналуы байқалады. Мұндай жағдай қардың күрт еруіне және судың жылдам ағуына әкелуі ықтимал, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазгидромет су тасу маусымы қарсаңында кеңес беру сипатындағы гидрологиялық шолу жариялады. Мамандар күзгі кезеңдегі топырақтың ылғалдылығын, оның қату тереңдігін, қыста жиналған жауын-шашын мөлшерін және өзендердегі мұз жағдайын талдай отырып, көктемде су тасқыны ең белсенді болуы мүмкін аумақтарды анықтады.
Елдің жазық бөлігінде су тасқынының негізгі көзі – қар суы. Дәл осы еріген қар сулары көктемгі ағынның негізгі көлемін қалыптастырады. Көпжылдық бақылауларға сәйкес, мұндай өңірлерде тасқынның шарықтау шегі наурыздың соңынан сәуірдің аяғына дейінгі кезеңге сәйкес келеді.
Таулы аймақтарда су тасқыны үш кезеңмен өтеді: наурыз-сәуір айларында аласа таулы өңірлерде, мамыр-маусымда орта тауда, ал ең соңында жаз мезгілінде биік таулы аумақтарда байқалады. Су басу қаупі әсіресе жер бедері судың тез жайылуына қолайлы аласа таулы аймақтарда жоғары.
Биылғы қыста жағдайды күрделендіріп отырған бірнеше фактор бар. Кейбір өңірлерде күз мезгілінде топырақтың шамадан тыс ылғалдануы тіркелген, жекелеген жерлерде жауын-шашын мөлшері 150 мм-ден асқан. Сонымен қатар ел аумағының басым бөлігі қысты топырақтың терең қатуымен қарсы алды, бұл оның суды сіңіру қабілетін төмендетеді. Соның салдарынан көктемде еріген қар сулары өзендер мен ойпаң жерлерге жылдам ағады.
Топырақтың ең жоғары қату тереңдігі елдің солтүстігінде, солтүстік-батысында және орталығында 140-148 сантиметрге дейін жеткен. Мұндай көрсеткіштер Қостанай, Ақмола, Павлодар, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында тіркелді.
Сонымен қатар елдің шығысы мен солтүстігінде суық кезеңде жиналған жауын-шашын көлемі климаттық нормадан асып түсті.
Жинақталған деректер негізінде синоптиктер су тасқыны қаупі жоғары аумақтарға алдын ала баға берді.
Қауіп деңгейі жоғары өңірлер қатарына Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары, сондай-ақ Ақмола мен Қарағанды облыстары кірді. Бұл аймақтарда топырақтың терең қатуы, ылғалдың көп болуы және қар қорының мол жиналуы су деңгейінің күрт көтерілуіне себеп болуы мүмкін.
Орташа қауіп Батыс Қазақстан, Ұлытау, Павлодар, Ақтөбе, Түркістан, Алматы, Жетісу және Қостанай облыстарында күтіледі.
Ал ірі көлемдегі су тасқынының ықтималдығы Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстарында ең төмен деп болжанып отыр.
Айта кетейік, 2025 жылғы қарашада Гидрометеорологиялық орталықтың директоры Марина Шмидт қыста температураның күрт ауытқуы салдарынан мұз қабатының қалыптасуы 2026 жылдың көктемінде су тасқыны маусымын күрделі етуі мүмкін екенін мәлімдеген болатын.