QazCovid-In вакцинасына бірнеше ел қызығушылық танытып отыр

10 Ақпан 2021, 18:16
1641
Бөлісу:
QazCovid-In вакцинасына бірнеше ел қызығушылық танытып отыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында журналистердің сұрағына жауап берген Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, шет мемлекеттер клиникалық зерттеулердің нәтижесін күтіп отыр.

Өкінішке қарай, Қазақстанда дәстүрлі түрде вакцина шығаратын зауыт болған жоқ. Пандемия пайда болғалы бері белсенді жұмыс басталды, қазір алғашқы қазақстандық вакцина зауытының құрылысы аяқталуға жақын. Ал вакцинаны әрі қарай дамытуға қатысты айтар болсам, әрине, біз бұл мәселемен айналысуды жоспарлап отырмыз. Вакцинаны дамыту үшін клиникалық зерттеулердің толық нәтижесін алу керек, өйткені кез келген ел бірінші кезекте клиникалық зерттеулердің параметрлерін сұрайды, олардың тиімділігін тексереді, содан кейін өтінімдер бойынша анықталады. Қазірдің өзінде бізге қызығушылық танытып отырған бірқатар ел бар, бірақ олардың барлығы клиникалық зерттеулердің нәтижесін күтуде, - деді министр.

Алексей Цой отандық вакцина шығарылған бетте бірінші кезекте Қазақстан нарығы қамтамасыз етілетінін айтты.

Біз ең алдымен өз қажеттілігімізді ақтамайынша, сыртқы нарыққа шықпаймыз. Өз қажеттілігіміздің толық ақталғанына көз жеткізгеннен  кейін ғана вакцинаны сыртқы нарыққа шығару туралы айтуға болады. Әрине, күтеріміз көп, - деп толықтырды министр.
Айта кетейік, бұған дейін министр неліктен коронавирусқа қарсы ресейлік «Спутник V» вакцинасын емес, отандық вакцинаны салдыратынын түсіндірген болатын.
Өзгелердің жаңалығы