Бүгін “Qazcontent” АҚ мен “Қазақстандық қоғамдық даму институты” КеАҚ арасында меморандумға қол қою рәсімі өтті. Рәсім ҚҚДИ-ға қарасты "SARAP" эксперттік клубының "Кеңесуші институттар: конституциялық реформа аясындағы перспективалар" тақырыбындағы отырысы аясында өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз медиа саласының өкілдері ретінде бұқаралық ақпарат құралдарының әрдайым мемлекет пен қоғам арасындағы көпір болып келгенін жақсы түсінеміз. Біздің міндетіміздің бірі – осы алаңда қандай мәселелер талқыланып жатқанын, қандай сұрақтар көтерілетінін қоғамға жеткізу, - деді “Qazcontent” АҚ басқарма төрағасы Айна Задабек.
Ол сондай-ақ әлеуметтік желілер қарқынды дамып жатқан заманда дәстүрлі БАҚ-тың сенімді ақпаратқа мықты сарапшылар арқылы қол жеткізуінің маңызын атады.

Бүгін біз "SARAP" эксперттік клубының отырысына қатыса отырып, сіздердің дәл осындай сарапшылар пулын құрайтындарыңызды, біз өз кезегімізде қазіргі және алдағы уақытта көтерілетін тақырыптарды қоғамға кеңінен түсіндіріп, жария ете алатынымызды, сондай-ақ қоғамдық кері байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік бар екенін көріп отырмыз, - деді басқарма төрағасы.

Айта кетейік, меморандум тараптардың өзара қолдауын және белсенді ынтымақтастығын қамтамасыз ету мақсатында жасалды. Онда тараптар қоғамдық дискурсты қалыптастыру, экономикалық, әлеуметтік және басқарушылық сауаттылық деңгейін арттыру үшін сапалы аналитиканы, сараптамалық диалогты және заманауи медиа форматтарды дамытудың маңызын мойындады.
Еске салсақ, Қазақстандағы қоғамдық кеңестердің басты ерекшелігі – олардың саяси мәселелерді талқылауға көшуі. Бұл туралы Еуразиялық интеграция институтының департамент басшысы Арман Ешмұратов "Кеңесуші институттар: конституциялық реформа аясындағы перспективалар" тақырыбында өткен "SARAP" эксперттік клубы отырысында мәлімдеді. Оның сөзінше, қоғамдық кеңестер саяси дискурсты қалыптастыра бастады.