«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы кезекті жаңа технологияны апробациялауда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Республикалық маңызы бар жолда алғаш рет көпір конструкциясын нығайтуға арналған және оны су шайып кетуден қорғайтын әмбебап икемді бетон жабыны сынақтан өтіп жатыр.
Апробация Солтүстік Қазақстан өңіріндегі республикалық маңызы бар Р-11 "Көкшетау – Рузаевка" автожолында (Речушка өзені, 130 шақырым) жүргізілуде.
Әмбебап икемді бетон жабыны - жылжымалы құрылым. Бірнеше бетон блоктарын берік синтетикалық арқан байланыстырады. Технологияны бір жерден екінші жерге тез тасымалдап, су шайып кету қаупі туындап тұрған учаскелерге орнатуға болады, - деп атап өтті өндіруші компанияның өкілі.
Өндіруші компанияның ақпаратына сәйкес технологияның қызмет ету мерзімі 15 жылдан 60 жылға дейін. Апробация сәтті өтсе аталмыш технологияны жол-құрылыс саласына енгізу жоспарланып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, соңғы 5 жылда ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясы республикалық жолдар қатарына жататын 100-ден астам учаскеде 80-ге жуық технологияны сынақтан өткізді.