Қазақтың Жаңа жылы неліктен 14 наурыздан басталады?

14 Наурыз 2024, 11:30
6114
Бөлісу:
Қазақтың Жаңа жылы неліктен 14 наурыздан басталады?
Фото: BAQ.KZ

Биылғы Наурыз бұрынғыдан өзгерек. Ұлыстың ұлы күні елімізде 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі ретінде аталып өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Наурызды 14-нен бастауды министрлікке мерекені 20 жылдан артық зерттеп жүрген мәдениеттанушы, ғалым Серік Ерғали 10 жыл бұрын ұсынған. Біз ғалымнан мерекенің бүгіннен басталуының мәнін сұрадық.

Жаңа жыл неліктен 14-і басталады?

Серік Ерғали тарихқа жүгініп, қазақта күн мен түннің теңелуін ешқашан наурыз демегенін айтады. Батыс өңірінде туған ғалым бала кезінде әке-шешесінің қазір көрісу деп аталып жүрген мейрамды қазақтың Жаңа жылы деп атағанын еске алды. Сондай-ақ Жаңа жыл неліктен 14 наурызда басталатынын түсіндірді.

14-інде астрономиялық жағынан да жыл мезгілі алмасады. Қазақ жылды төрт тоқсанға бөлген. Қыс, көктем, жаз, күзге тоқсан күннен беріп, артық қалған бес күнді бесқонақ деп атаған. Ол ешбір тоқсанға кірмейді. Біресе ана айға, біресе мына айға көшіп жүреді. Оның жігі көбіне жаңағы мезгілдердің осы 14-іне келеді. 14-і деп отырғанымыз қазіргі Григориан күнтізбесі бойынша. Ал Юлиан күнтізбесі бойынша ол бірінші айдың бірінші күні, яғни 1 наурыз, - деді ол.

Ғалым тарихи дерекке де сүйенді.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев деген жазушымыз, этнограф, философ, діндар кісі. Өте білімді. Өзі әулие болған. Ол осы Солтүстік Қазақстанда, Кереку өңірінде туып өскен. Алашқа мәшһүр, яғни әйгілі болғандықтан, қосымша титул берген. Ол Ислам дінінің үлкен бір орталығының бірі Бұқарада оқыған. Сонда оқығанда Наурызға қатысқан. Сол кісі Абдолла ханның билеген кезінде сегіз күндік ресми Наурыздың шарасына қатыстым дейді. Бірі мен сегізінің арасында. Ол қазіргі 14-і мен 21-іне келіп тұр. 8 күн, - деді ғалым.

Серік Ерғали сондай-ақ Абайдың немере інісі Шәкәрім Құдайбердіұлының Ахат деген баласы да өз күнделігінде 14 наурыздың ескіше 1 наурыз екенін жазғанын айтты.

Ахат деген – өте сауатты кісілердің бірі. Күнделік жазған. Сол кісінің күнделігінен "Әкей бүгін 14 наурыз, ескіше 1 наурыз қазақтың Жаңа жылы деді" деген жазба кездескен. Олар Шығысты да, Батысты да оқыған көзі ашық, көкірегі ояу кісілер ғой. Олар не болса, соны айта салмайды. Сондықтан бұл деректерді тірек етуге тиіспіз, - деді ол.

Наурыз ежелгі Вавилон кезінен бар

Серік Ерғали наурыз сөзінің мағынасына да тоқталды. Фарабитанушы Ағзам Машановтың қазақтың "нау келсе, дау болады" деген тәмсіліндегі "нау" сөзі қандай мағына бергені туралы зерттеуін алға тартты.

Нау деген – күн мен түннің теңесетін кезеңі. Жұлдыздардың жаңа шеру құратын кезі. Соған байланысты бұрынғының ғалымдары күн қай күні, қай сағатта, қай минутта теңеседі дегенге дауласады екен. Әркім өзінің концепциясымен кіріседі ғой. Әркімнің өз әдістері бар. Сонда "нау" деп аспандағы жаңағы құбылыстарды атап тұр. Нау деген – ежелгі үлкен танымның бір бөлшегі. Ал біз "парсы тілінен аударғанда "наурыз" деген "жаңа күн" мағынасын білдіреді. Бұл – парсының да мерекесі" деп шыға келеміз, - дейді ғалым.

Ол парсы деген халық көп болса, 2000 жыл бұрын қалыптасқанын, ал Наурызға кемінде 5000-7000 жыл болғанын айтады.

Наурыз ежелгі Вавилон кезінен бар. Сондықтан бұл мерекеге кеңірек, тереңірек қарау керек, - дейді ол.

Ғалым 1926 жылдан бастап Наурыз мерекесіне тыйым салынғанда тек қана мерекеге емес, "наурыз" деген сөзге де тыйым салынғанын айтады.

Содан кейін Наурыз деген айтылмады. Оның үстіне "ноу руз" деген парcының сөзі деген соң одан қазақтар тағы да бетін алып қашып отыр. Шын мәнінде бізде "нау" деген, "ырыс" деген сөздер бар. "Науша" деген сөз бар. Жас балаларды науша бала дейді. Науша деген есім бар. Көрдіңіз бе? "Науан" деген сөз бар. Көкпен жерді қосып тұрған ғажайыпты айтады. Шалабаева деген ақын апамыздың "Алдымнан ашылды бір науан есік" деген өлеңі бар, - деді Серік Ерғали.

Неге Наурыз Көрісу, Амал деп аталып жүр?

Егер 14 наурыз жылдың басы болса, неліктен ол Амал, Көрісу деп аталып жүр? Серік Ерғали мұның тарихын түсіндірді.

1988 жылы Өзбекәлі Жәнібеков Колбиннің идеология жөніндегі үшінші хатшысы болды. Сол кісі ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерін жинап, Наурызды дайындап, Колбинге жоба ретінде ұсынды. Өйткені Колбинге қазақтар қырын қарап, ол елді басқарудан қала жаздады. Қазақтарды тарту үшін Наурызды кіргізді, - дейді ғалым.

Бірақ Серік Ерғали бұл шешім асығыс қабылданғандықтан, мерекенің түп-төркінін зерттеуге уақыт жетпегенін айтады.

Сонда мұның дәйегі не десе, баяғы күн мен түннің теңелісі ғана. Ал қазақтың, түркінің жаңа жылын олар қарастырған жоқ. Ол кезде ондай дерек жоқ. Деректің барлығы күн мен түннің пайдасында жүр. Ол кезде асығыс болып ешкім тексерген жоқ. Зерттеген жоқ. Менің өзім бұл тақырыпты қаншама жыл зерттедім. Сондықтан ресми түрде 21-22 наурыз көктем мерекесі болып кетті. Ал Батыс халқы 14-інен бастап тойлап отыр, - деді ол.

Ғалымның айтуынша, соңғы кездері ғана журналистер батысқазақстандықтар тойлайтын мерекенің төркінін түсінуге көбірек көңіл бөліп жатыр.

14-ін Наурыз дейін десе, 21-22сі – Наурыз. Не дейді? Бірдеңе деу керек. О, бұл Амал мерекесі деді. Ал амал деген – март айының бұрынғы атауы. Халықтың аузындағы Наурыз деген атауды 1990-1991 жылы бердік. Көрдіңіз бе? Сөйттік те, Амал мерекесі болып кетті. 14 наурыздың шынтуайтындағы мәні мен мәртебесі – түркінің, қазақтың мүшелдік жыл басы, Жаңа жыл, - деді ғалым.

Серік Ерғали неліктен Наурыз мерекесі Көрісу деп аталып жүргенінің де мәнін түсіндірді.

Мысалы, кез келген мерекеде адамдар бірін-бірі құттықтайды. 8 наурызда не істейді? Жігіттер қыз-келіншектерге гүл береді. Ол ғұрып па? Ғұрып. Күнтізбелік жаңа жылда не істейді? Шырша тігеді. Президент барып шыршаны жағады, сағат 12.00-де құттықтайды. Оның бәрі ғұрып, бірақ ешкім Шырша тігу күні, Президенттің құттықтау күні деп айтпайды ғой. Сол сияқты қазақтың Жаңа жылында адамдар бір-бірін көкіректерін түйістіріп, яғни көрісіп құттықтаған, - деді ол.

 

Өзгелердің жаңалығы