Қазақтың алғашқы антропологы, ғалым Оразақ Смағұлов дүниеден өтті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі қазақ антропология мектебінің негізін қалаушы, аса көрнекті ғалым, абыз ақсақалдың дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен туыстарына, туған халқына қайғыра көңіл айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Біртуар Оразақ ақсақал бар ғұмырын халқымыздың арғы тегін, түп-тұқиянын зерттеуге арнап, отандық ғылым саласының дамуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Ол еліміздегі тұңғыш этникалық антропология зертханасын ашып, соңынан ерген шәкірттерімен бірге тұтас бір ғылыми мектеп қалыптастырды.
Ғалымның еңбектері халқымыздың тарихи болмысын, этногенезін және ғасырлар бойы қалыптасқан антропологиялық ерекшеліктерін терең зерделеуге жол ашты. Ақсақалдың атқарған орасан еңбегі, ашқан ғылыми жаңалықтары, бай мұрасы – болашақ ізденімпаз ұрпақ сусындар сарқылмас қазына, таусылмас байлық. Тұтас дәуірдің куәгері, үздіксіз әрі іргелі зерттеулерімен ұлттық тарихымызды терең тануға өлшеусіз үлес қосқан Оразақ Смағұлұлының жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталары сөзсіз. Артында қалған ұрпағына, жақындарына, ісін жалғаған шәкірттеріне амандық, ұзақ ғұмыр берсін. Марқұмның жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын!, - деп жазылған министрліктің хабарламасында.