Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин және Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бастаған жұмыс тобы инновациялық экожүйе мен IT-саланы дамыту, сондай-ақ жоғары оқу орындарына құжаттарды қабылдау мен гранттар беру бойынша мемлекеттік қызметтер мәселесін талқылады.
Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі уақытта ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың елімізде 100 мың IT-маман даярлау жөніндегі тапсырмасы аясында белсенді жұмыс атқаруда. Бұл ретте бүгінгі ведомствоаралық кеңесте IT-мамандарды даярлау үшін арнайы мектептерге гранттар бөлу мәселесі жіті қаралды.
Бүгінгі таңда «Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі» корпоративтік қоры базасында IT-мектептерге ваучерлер (гранттар) бөлу тетігі әзірленді. 2021 жылы Astana Hub өз қаражаты есебінен 13 IT-бағдарламалау мектебінің 100 студентін қаржыландырды. Бағдарламаны кеңейту аясында 2022 жылы 3000 грант бөлу жоспарланған», - деді Бағдат Мусин.
Ведомство басшысының айтуынша, IT-кадрларды оқыту 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға және ақпараттық коммуникациялық технологиялар қызметтерінің экспортын 2025 жылға қарай 500 млн АҚШ долларына дейін ұлғайтуға септігін тигізеді.
Алайда бұл үшін IT-мамандардың білім сапасын арттыру қажет. Бүгінде республика бойынша 77 жоғары оқу орны IT-мамандарды дайындауда. Жыл сайын 10 000-нан астам IT-маман нарыққа шығарылады, бұл ретте кадрлар заманауи талаптарға сәйкес келе бермейді.
Тараптар құжаттарды электронды қабылдауға байланысты ақпараттық жүйелердің дайындығы және осы жылы олардың алдын алу шараларын талқылады.
2022 жылы 160 мың түлек колледждерде және 140 мың түлек жоғары оқу орындарында білім алады деген болжам бар.
Құжаттарды қабылдау және білім беру гранттарын бөлу кезеңінде электронды жүйелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету керек. Біз негізгі проблемаларды анықтадық. Барлық цифрлық шешімді тексеріп, ретке келтіру маңызды. Бұл шекті балдарды есепке алу, өтініштерді қабылдау процесі және бір талапкердің өтінішті қайталап жіберуін болдырмау және басқа да мәселелер. Барлық түлекке барынша қолайлы жағдай жасау үшін бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Бұл әр адам тұрғылықты жеріне қарамастан электронды қызметтерді кедергісіз пайдалану мүмкіндігіне ие болу үшін маңызды, - деді Асхат Аймағамбетов.
Министр Бағдат Мусин «Атамекен» ҰКП базасында IT-факультеттердің рейтингін енгізуді ұсынды. ҚР ЦДИАӨМ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы сарапшылармен бірге рейтинг тұжырымдамасының жобасын дайындаған.
Цифрландыру білім беру саласына белсенді түрде енгізілуде. Осылайша министрлік «виртуалды мұғалім» заманауи IT-платформаларын енгізу бойынша жұмыс жүргізуде, аталған жүйеге бүгінгі күні Қазақстан бойынша 150-ден астам жалпы білім беретін мектеп қосылған. Дегенмен информатика мұғалімдерінің біліктілігінің қатысты проблемалар кездеседі, осыған байланысты біліктілікті арттыруға бағытталған бағдарламаны немесе курстарды әзірлеу бойынша ұсыныс айтылды.
Сондай-ақ министрлер қазақстандық жоғары оқу орындарының жанынан технопарктер құру мәселесін талқылады. Мәселен, 1 маусымда Мемлекет Басшысы Үкімет пен тиісті министрліктерге ғылыми зертханалар мен тәжірибелік-сынақ инфрақұрылымын дамытуға мақсатты гранттар бөле отырып, ЖОО жанындағы ғылыми-технологиялық парктерді қолдау бағдарламасын іске қосуды тапсырған болатын.
Цифрлық даму министрлігі 2022 жылы өңірлік IT-технопарктерге қолдау көрсету жөніндегі бағдарламаны іске қосуды жоспарлап отыр, ол өңірлерде жастарды «No Code School», «Startup School» және т.б. сияқты Astana Hub бағдарламалары, жергілікті тақырыптық іс-шараларды өткізу, әдіснамалық қолдау, сондай-ақ «Techpreneurs», «preScalerator», «Scalerator», инкубациялық және акселерациялық бағдарламалары арқылы IT-кәсіпкерлікте өзекті және сұранысқа ие құзыреттерге оқытуды қамтитын болады.
Жиын соңында тараптар көтерілген өзекті мәселелерге қолдау көрсетуге және ынтымақтастықты одан әрі дамытуға келісті.