Сенаторлар Қазақстан Үкіметі мен OPEC халықаралық даму қоры арасындағы жеке секторда операцияларды ұйымдастыру туралы Рамалық келісімді ратификациялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заң жобасы "ҚР Үкіметі мен OPEC Халықаралық даму қоры арасындағы жеке сектордағы операцияларды ұйымдастыру туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы" деп аталады.
Келісімді іске асырудың негізгі нәтижесі – OPEC қорының займдар, кепілдіктер және өзге де құралдары арқылы жеке секторды тікелей қаржыландыруына мүмкіндік беретін тұрақты құқықтық негіз қалыптастыру болады деп күтілуде.
Келісімнің негізгі мақсаты – қазақстандық жеке компаниялардың ОРЕС қорының қаржы құралдарына қол жеткізуін жеңілдету үшін тұрақты платформа құру.
OPEC Халықаралық даму қорының негізгі миссиясы – дамушы елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдау. Қор 50 жыл ішінде әлемнің 125 елінде 4 мыңнан астам жобаны іске асырып, жалпы сомасы 30 млрд АҚШ долларынан астам қаржы бөлді. Соңғы 20 жылда Орталық Азия елдеріне 1,4 млрд доллардан астам инвестиция тартылған. Атап айтқанда, Келісім нормалары ұзақ мерзімді қаржыландыруды, инвестицияларды қорғауды және ынтымақтастықтың икемді шарттарын қамтамасыз етуге негізделген, - деп атап өтті сенатор Сәкен Арубаев.
Қордың жобаларды қаржыландыру бойынша шешім қабылдаудағы дербестігі бекітіледі. Сонымен қатар тұрақты экономикалық дамуға бағытталған ұзақ мерзімді және жеңілдетілген қарыз алу шарттары көзделген.
OPEC қорына Қазақстан аумағында толық құқықтық субъектілік мәртебе беріледі. Инвестициялардың қорғалуы, қаражатты еркін конвертациялау және аудару мүмкіндігіне кепілдік жасалады. Сондай-ақ қор активтері мен кірістері тікелей салықтардан босатылады.
Жалпы алғанда, бұл ратификация еліміздің экономикасына ұзақ мерзімді қаржы тартуға ықпал етеді.