12-16 маусым аралығында Швецияның Гётеборг қаласында 10-шы Еуропалық физика олимпиадасы (EuPhO 2026) өтуде. Беделді білім додасына әлемнің 40-тан астам елінен 200-ден аса оқушы қатысуда. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлім етті.
Қазақстан құрамасы сапында Астана, Алматы және Қостанай өңірлерінің үздік оқушылары өнер көрсетіп жатыр. Олимпиада теориялық және эксперименттік кезеңдерден тұрады. Қатысушылар физикадан терең білімін, күрделі есептерді шешу және ғылыми талдау жасау қабілеттерін көрсетеді.
Ұлттық құраманы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы Бекмырза Бейсенов пен халықаралық олимпиадалар жүлдегері Темірлан Исмағұлов бастап барды.
Айта кетейік, 2025 жылы қазақстандық оқушылар Еуропалық физика олимпиадасында 1 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль және 1 құрмет грамотасын жеңіп алған еді.