Қазақстанның үздік жас зерттеушілері Астанада бас қосады: 250 үміткердің тек 20-сы іріктелді

250-ден астам өтінімнің ішінен үздік 20 жас сарапшы таңдалды. Олар Астанада мемлекеттік саясатқа ықпал етуі мүмкін тың зерттеулерін ұсынады.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 12:55
Бүгiн 2026, 12:55
240
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

29 маусым мен 3 шілде аралығында Астанада Қазақстанның барлық өңірлерінен келген жас зерттеушілер мен аналитиктерге арналған «Jastar Research Hub» білім беру бағдарламасы – жас сарапшыларға арналған акселератор өтеді.

Жобаны «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қолдауымен ұйымдастырып отыр.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – елімізде зерттеу мәдениетін дамыту, жас сарапшылар қауымдастығын қалыптастыру және мемлекеттік саясат пен әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті мәселелеріне практикалық шешімдер ұсына алатын сарапшылар резервін қалыптастыру.

Акселератор барысында қатысушылар аналитикалық ойлау қабілетін жетілдіріп, заманауи зерттеу әдістері мен сараптамалық материалдар әзірлеу құралдарын меңгереді. Сонымен қатар шешендік өнер, көпшілік алдында сөйлеу, дәлелді пікір айту және зерттеу нәтижелерін кәсіби деңгейде таныстыру бағытында тәжірибе жинақтайды.

Жобаға Қазақстанның барлық аймақтарынан үлкен қызығушылық байқалды. Акселераторға қатысу үшін 250-ден астам өтінім түсіп, конкурстық іріктеу нәтижесінде 20 қатысушы негізгі құрамға, тағы 10 үміткер резервтік тізімге енді.

Бес күндік бағдарлама аясында қатысушылар қазақстандық жетекші сарапшылармен, зерттеушілермен және практиктермен жұмыс істейді. Оларға зерттеу әдіснамасы, аналитика, сараптамалық есептер әзірлеу, мемлекеттік органдарға арналған ұсыныстар дайындау бойынша дәрістер, шеберлік сабақтары және практикалық интенсивтер өткізіледі.

Бұдан бөлек, қатысушылар шешендік шеберлік, көпшілік алдында сөйлеу, дағдарыстық коммуникацияларды басқару, сарапшының жеке брендін қалыптастыру және оны ілгерілету бойынша арнайы тренингтерден өтеді. Спикерлер қатарында түрлі саладағы танымал сарапшылар, аналитикалық орталықтар мен қоғамдық институттардың жетекшілері, сондай-ақ еліміздің жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының менеджерлері бар.

Жас сарапшылардың зерттеулері жастар саясаты, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект, мемлекеттік басқару, мәдени дипломатия, креативті индустриялар, өңірлік даму, қоғамдық пікір, көші-қон үдерістері және экология сияқты қоғам үшін маңызды бағыттарды қамтиды.

Бағдарлама қорытындысында қатысушылар өздерінің аналитикалық есептері мен практикалық ұсыныстарын қорғайды. Үздік жұмыстар бұқаралық ақпарат құралдарында және «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының ақпараттық платформаларында жарияланады. Сонымен қатар перспективалы зерттеулер мемлекеттік саясатты жетілдіруге қатысты ұсыныстар ретінде мүдделі мемлекеттік органдарға жолданады. Жоба түлектеріне кәсіби және мансаптық дамуға қосымша мүмкіндіктер де ұсынылады.

Іс-шара туралы ақпарат:

* Өтетін күндері: 2026 жылғы 29 маусым – 3 шілде
* Уақыты: 10:00-17:00
* Өтетін орны: Астана қаласы, Абай даңғылы, 33А
* Форматы: офлайн
* Тілдері: қазақ және орыс
* Ұйымдастырушы: «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы

БАҚ үшін байланыс:
+7 (702) 890 7180 – Жамалбек Фатима.

Наверх