9-15 ақпан аралығында Дохадағы Халифа халықаралық теннис және сквош кешенінде ашық хард корттарында әйелдер арасында Qatar Total Energies Open 2025 турнирі өтуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жұптық сайыс бойынша еліміздің бірінші нөмірлі ракеткасы Анна Данилина ресейлік Ирина Хромачевамен жұптасып, Дохадағы WTA 1000 турнирінде сәтті өнер көрсетуде. Бірінші айналымда олар ұлыбританиялық Оливия Николлз бен словакиялық Тереза Михаликованы 7:5, 6:4 есебімен жеңді.
Екінші айналымда Данилина мен Хромачева жапониялықтар Шуко Аояма мен Эри Ходзуми жұбымен кездесті. Матч 6:4, 4:6, 10:6 есебімен Данилина мен Хромачеваның пайдасына аяқталып, олар турнирдің ширек финалына жолдама алды.
¼ финалда Данилина мен Хромачеваның қарсыластары ресейлік теннисшілер Мирра Андреева мен Диана Шнайдер болмақ. Матч 13 ақпан Қазақстан уақыты бойынша 18:40-та басталады.
Айта кетейік, аталмыш ірі доданың жүлде қоры 3,654,963 АҚШ долларын құрайды. Бұл турнирге жекелей сында 56 теннисші және жұптық сында 28 жұп қатысуда. Қазіргі чемпион – польшалық Ига Швентек.