Қазақстанның түркі мемлекеттерімен жүк тасымалы артады

29 Мамыр 2024, 09:51
404
Бөлісу:
Қазақстанның түркі мемлекеттерімен жүк тасымалы артады
Фото: Скрин

Мәжіліс депутаттары жалпы отырыста түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің үкіметтері арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құжатты Көлік министрі Марат Қарабаев таныстырды.

Бұл келісім 2022 жылы 11 қарашада Самарқанд қаласында жасалған. Ол Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан арасындағы көлік-транзит әлеуетін және сауда-экономикалық қатынасты одан әрі дамытуға бағытталған.

Келісімге сәйкес түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасында теміржол, су және автомобиль көлігімен жасалатын жүк тасымалы көлемі ұлғайтылады. Тараптар өзара ынтымақтасып, жүк тасымалдауды ілгерілетуде қолдау көрсетеді. Осы мақсатта мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдерінен тиісті мәселелерді талқылап, шешуге жауапты Бірлескен комитет құрылады, - деді ведомство басшысы.

Келісім ратификацияланғаннан кейін тараптар транзиттік тасымалдарға қатысты цифрлық технологияларды енгізу және жүктерді «жіксіз» мультимодальды тасымалдауды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдай алады.

Сонымен қатар министрдің сөзінше, электронды тауар-көлік жүкқұжаттары мен жол парақтарына көшу мақсатымен автомобиль тасымалдарында көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесі әзірленді. Ол Қазақстан халықаралық жүктерді тасымалдау шарты туралы конвенцияға қосылғаннан кейін электронды халықаралық eCMR-ге көшу құралы болады.

Өзгелердің жаңалығы