"Жолпол екен десем, макет екен ғой..."

24 Желтоқсан 2019, 21:03
6417
Бөлісу:
"Жолпол екен десем, макет екен ғой..."

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысында жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға және жалпы облыстың тасжолдарындағы апатты жағдайды тұрақтандыру мақсатында маңызды тас жолдарда патрульдік машиналардың макеттері қойылды. 

Оны Ақтөбе облысы Полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы мен "ҚазАвтожол" АҚ және "КазахАвтоДор" ЖШС мердігерлік ұйымы жеке кәсіпкер Амангелді Дарбай демеушілік танытумен орнатты. Қаланың көше-жол желілерінің апаттық-қауіпті учаскелерінде жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарын сатып алу және орнату бойынша шаралар қабылдады. 

Әкімшілік полиция басқармасының жол және техникалық инспекция бөлімімен жыл басынан 1737 автокөлік жолдары мен жол құрылыстарына тексеру жүргізілді, нәтижесінде кемшіліктерді жоюға 1383 ұйғарым берілді, сондай-ақ тасжолдарды дұрыс қарамағаны үшін 224 лауазымды және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

IMG-20191218-WA0034.jpg

Кәсіпкер Амангелді Дарбай өз тарапынан белсенді азаматтық ұстанымды көрсете отырып, жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарын, атап айтқанда, Батыс-2 ауданында орнатылған жасанды тегіс емес жол және жүргізушілердің назарын аудару үшін реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдерінде пайдаланылатын жарық шағылыстырғыш элементтерді (катафоттар) өз есебіне алды. (Сәңкібай батыр қиылысы және 101 атқыштар дивизиясы, АЮИ ауданындағы курсанттық тас жолы, Қарғалы ауруханасы ауданындағы Б. Момышұлы даңғылы). 

Бұдан басқа, жол-көлік оқиғаларын төмендету және жалпы облыстың тасжолдарындағы апаттылықты тұрақтандыру мақсатында Әкімшілік полиция басқармасы "ҚазАвтоЖол ҰК" АҚ, "Қазавтожол" ЖШС мердігерлік ұйымымен бірлесіп, қала сыртындағы тасжолдардың 20 мекен-жайы бойынша қысқы кезеңдегі ауа райының қолайсыз жағдайларына байланысты 5.18.1 "Ұсынылатын жылдамдық" 60 км/сағ.жол белгілері орнатылды. 

Сонымен қатар, жүргізуші құрамы арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында күн сәулесінен жұмыс істейтін дабыл-дауыс зорайтқыш құрылғысы бар 5 орынға патрульдік автокөліктердің макеттері орнатылды. 

Жаңа макеттердің ерекшелігі - жарқылдауық маяктардың болуы, бұл тәуліктің қараңғы уақытында пайдалануға мүмкіндік береді. Электр қуатын макеттер күн батареяларынан алады, жарқылдау маяктарын көрген көлік жүргізушілері жылдамдықты баяулатады. 

Жүргізілген іс-шаралар жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және апаттық-қауіпті учаскелерде жол-көлік оқиғалары санын азайтуға мүмкіндік береді деп есептейміз. 

Ақтөбе облысы ПД бастығы Атығай Арыстанов тасжолдардың апаттық-қауіпті учаскелерінде жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарын дайындауға және орнатуға көмек көрсеткені үшін кәсіпкер Амангелді Дарбайға алғысын білдірді.

Өзгелердің жаңалығы