Бүгін Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу ресми сапармен Ташкентке барды, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz-ке сілтеме жасап.
Өзбекстан астанасында екі елдің іскер топ өкілдері мен ірі өндіріс орны басшыларымен кездесті. Ташкент технопаркі осы күні тұрмысқа қажетті сан түрлі бұйым шығарады. 150 гектар аумақта тоңазытқыш, теледидар, кір жуғыш машина, газ тарату жабдығы және мыс құбыры жасалады. Өндірістік қуаттылығы жылына 1 млрд 200 млн доллардың өнімін дайындауға жеткілікті. Қазір сол мүмкіндіктің үштен бір бөлігі орындалып жатыр. Тұрмыстық техника шығарылатын өндірістің бірін Қарағандыда шоғырландыру ісі басталды. Одан бөлек Шымкентте ірі сауда үйін ашу көзделген. Сыртқы ведомство жетекшісі Қазақстан мен Өзбекстан арасында инвестициялық әріптестік жолға қойылғанын атап өтті. Көрші ел тарапынан біздің ел нарығына алғашқы тоқсанда 1,9 млн доллар бағытталған. Сауда айналымы бойынша да көрсеткіш жоғары. Мұрат Нұртілеу сапарының екінші күні әріптесі Бақтиёр Саидов және өзге де жоғары лауазымды тұлғалармен кездесіп, инвестициялық және өңірлік мәселелерді талқыламақ.
Қазір оң динамикасын қарап отырмыз. Жарты жылда 2,2 млрд доллар сауда айналымы. Оның ішінде сальда біз жақта. Бізге тиімді болып отыр. Біз 1,6 млрд долларға осында тауарларымызды экспорттап отырмыз. Негізі келешекте бізде бірнеше жоба бар. Әлі де кездесулер өткізетін боламыз. Нақты талқылау бойынша жұмыс жүргіземіз, - деді ҚР СІМ Инвестициялар жөніндегі комитет төрағасы Ардақ Зебешов.