Қазақстанның шығысында алдағы күндері күн суытады. Синоптиктердің болжамынша, түнде ауа температурасы –13 градусқа дейін төмендейді. Елдің солтүстігі мен шығысында жаңбыр мен қар күтіледі, ал оңтүстікте шаңды дауыл соғады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
"Қазгидромет" РМК синоптиктерінің мәліметінше, алдағы күндері Қазақстанның басым бөлігінде солтүстік-батыс антициклонның әсерінен ауа райы ашық болады.
Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жауын-шашын – жаңбыр мен қар – тек елдің солтүстігі мен шығысында күтіледі.
Республика бойынша желдің күшеюі, кей жерлерде тұман, ал оңтүстік пен оңтүстік-батыста шаңды дауылдар болжануда.
Ауа температурасы әр аймақта әртүрлі болады: солтүстік және орталық өңірлерде түнде термометр бағаны –1…–7 градусқа дейін төмендеп, күндіз +4…+16 °C аралығында жылынады.
Шығыс өңірлерде түнгі суық –5…–13 °C дейін жетеді, ал күндіз +3…+11 °C шамасында болады.
Елдің қалған аумағында ауа райы біртіндеп жылынады деп күтілуде.
Еске салсақ, 6 қазан, дүйсенбі күні Қазақстанның бірқатар өңірінде қатты жел соғып, үсік жүретіні туралы дауылды ескерту жарияланды.