Қазақстанның сауда-экономикалық ынтымақтастығы нығаяды

20 Қыркүйек 2023, 15:26
754
Бөлісу:
Қазақстанның сауда-экономикалық ынтымақтастығы нығаяды
Фото: Артём Чурсинов - архив

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров осы жаң жобасын депутаттарға таныстырды.

Түркі мемлекеттері ұйымының негізгі міндеттерінің бірі – экономиканың озық секторларына инвестиция тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау, жаңа технологиялардың пайда болуын ынталандыру және олардың белсенді енгізу. Бұл бағыттағы негізгі басымдықтардың бірі – Түркі инвестициялық қорын құру мәселесі.

Сөзінше, қорды құруға Әзербайжан бастама жасаған. 2021 жылғы 31 наурызда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорды тең капиталды және тең дауыс құқылы қағидатына сәйкес құру бойынша жұмысты жеделдетуді атап өткен болатын.

Осылайша биыл 16 наурызда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекет басшылары кеңесінің ІV саммиті аясында қорды құру туралы келісімге қол қойылды.

Түркі инвестициялық қоры - түркі әлемінің экономикалық интеграциясының алғашқы бірлескен қаржы институты.Қордың мақсаты - өңірішілік сауданы кеңейту және экономикалық белсенділікті қолдау арқылы ұйымға мүше мемлекеттердің экономикалық дамуына жәрдемдесу. Бұл мақсатқа жету үшін, қор инвестициялық қызмет арқылы жобаларды, атап айтқанда, шағын және орта кәсіпорындардың жобаларын қаржыландыру, физикалық және цифрлық инфрақұрылымды құруды және жаңғыртуды қолдау, өнеркәсіптік өндірісті, көлікті, ауыл шаруашылығын, туризмді және жасыл экономиканы қоса алғанда, өзара қызығушылық тудыратын салалардағы даму жобаларын қолдау функцияларын орындайды, - деді министр.

Қуантыров атап өткендей, бұл жобалар ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашуға, Қазақстан экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Қордың жарғылық капиталы жалпы номиналды құны 350 млн долларды құрайтын төленген акциялар және номиналды құны 150 млн долларды құрайтын қосымша тартылатын акциялар. Онда әрбір мемлекеттің үлесіне 70 млн доллар төленген акциялардан тұрады. Қордың әрбір мүшесі бірдей дауыс беру құқығына ие. Қордың құрамына қордың президенті, басқарушылар кеңесі, директорлар кеңесі, бас директор және қатардағы қызметкерлер кіреді, - деп айтты Әлібек Қуантыров Мәжілісте.

Ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының 2022 жылғы 11 қарашадағы шешіміне сәйкес қордың бірінші президенті болып Түркі мемлекеттері ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Бағдат Құлтайұлы Әміреев тағайындалды. Қордың орналасқан жері, яғни штаб-пәтері ретінде түркі елдері көшбасшыларының келісуімен Ыстанбұл қаласы болып белгіленген болатын.

Қорды құру туралы келісім халықаралық шарт жасасудың заңдылықтарына, Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелері мен заңнамасына, ұлттық стратегиялық жоспарлау жүйесіндегі құжаттардың мақсаты мен міндеттеріне қарама-қайшы келмейді.

Қазіргі таңда Әзірбайжанның Ұлттық Мәжілісі биылдың 30 мамырында Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімді ратификациялады. Қалған мемлекеттер ішкі регламенттеріне сәйкес ратификация жұмысын жүргізіп жатыр. Қорды құру келісімін ратификациялау туралы заңның қабылдануы Қазақстанға түркі әлемінің белсенді қатысушысы, түркі Халықаралық қаржы ұйымының алғашқылардың бірі және толыққанды мүшесі болуға, экономиканың басым секторларындағы жобаларды қаржыландыруға, сондай-ақ Түркі мемлекеттері шеңберінде және одан тыс жерлерде сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді, - деді Ұлттық экономика министрі.

Мәжіліс заң жобасын талқылап болғаннан кейін, құжатты дауысқа салып, оң нәтиже шығарды.

Өзгелердің жаңалығы