Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Қазақстанның сыртқы және мемлекеттік қарызын басқару мәселесіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, қарыз саясаты қазіргі экономикалық жағдайда ерекше бақылауды талап етеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың сөзінше, сыртқы қарызды шектен тыс өсірмеуге тырысу қажет. Өйткені қарыздың қайтарылуы ел бюджетінің мүмкіндігіне тікелей байланысты.
Сыртқы қарызды реттеп, қадағалап отыруымыз қажет. Қарыз – күліп кіріп, жылап шығады. Қазір мұнай бағасы төмендеп жатыр. Бұл бюджетке түсетін қаражаттың азаюына алып келуі мүмкін. Сол себепті сыртқы қарызға аса сақтықпен қарау керек, – дейді депутат.
Қарызды бақылау Құрылтай құзіретіне берілуі мүмкін
Нұртай Сабильяновтың айтуынша, жаңа Конституция жобасында Құрылтайға сыртқы қарызды бақылау бойынша арнайы құзірет беру мәселесі қарастырылып отыр. Бұл тетік мемлекеттік қарыздың ашықтығын арттырып, стратегиялық деңгейде қадағалауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қарыз бен жалпы қарызды шатастырмау керек
Депутат Қазақстанның мемлекеттік қарызы шамамен 31,9 трлн теңге деген ақпарат бар екенін растады. Алайда бұл соманың барлығы тікелей мемлекеттің мойнындағы қарыз емес екенін атап өтті.
Бұл қарыздың ішінде банктердің, жеке кәсіпкерлердің және шетелдік компаниялардың міндеттемелері бар. Мемлекеттік қарыз деген – мемлекеттің өзі жауап беретін және өзі қайтаратын қарыз. Қазір қарыз берушілердің алдындағы барлық міндеттемелер толық орындалып отыр, қайтарылмай жатқан қарыз жоқ, – дейді ол.
Нұртай Сабильяновтың сөзінше, республикалық бюджетті талқылау кезінде мемлекеттік қарыз көлемі мен оны өтеу мүмкіндігі үнемі назарда болады. Ал қалған қарыздар, яғни жеке кәсіпкерлер мен банктер алған міндеттемелер, салық төлеуші халықтың есебінен емес, қарыз алған тараптардың өз жауапкершілігімен қайтарылуға тиіс.
Еске салайық, Мәжіліс депутаты әрі экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов BAQ.KZ тілшісіне эксклюзив сұхбат берді. Онда еліміздегі бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.
Бұған дейін Нұртай Сабильянов Ұлттық қор "жамау" емес, болашаққа жұмыс істеуі керек екенін айтқан еді. Сондай-ақ ол Конституциялық реформаның түпкі мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыру керек екенін баяндап берген болатын.