Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның геосаяси жағдайы өте күрделі. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Facebook-тегі парақшасында жазды.
Ол "Қасіретті қаңтар" кезінде Президент территориялық тұтастығы сақтап қалып, үлкен жауапкершілікті мойнына алғанын айтты.
Қазақстанның геосаяси жағдайы өте күрделі. Екі жағымызда екі алпауыт отыр. Екеуі біздің халқымызға тиесілі жерді XIX ғасырда бір рет бөліп алған. "Қасіретті қаңтар" кезінде ең басты мәселе Қазақстан Республикасының территориялық тұтастығы болды. Алматыдағы тәртіпсіздіктер тағы екі-үш күнге созылғанда мемлекеттің институттардың "парша-паршасы" шығып, елдіктен түк те қалмас еді. Басқа аймақтарда да әр-түрлі ұрандардың болғандығы жасырын емес. Саяси процестің “ливандық үлгісі", мемлекетті ыдыратудың "югославиялық сценарий", “Ауғанстан тұзағының” ауылдары біз үшін алыс болмай шықты. Сондықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі үшін өте ауыр шешім қабылдап, барлық жауапкершілікті өз мойнына алды. Бұл мемлекеттік қайраткердің қадамы, - деп жазды ол.
Саясаттанушы билікке парламентте, жергілікті мәслихаттарда саяси күштердің қатысуын кеңейту қажет екенін айтты.
Адамзат тарихында XIX ғасырда Европада Польшаны, Азияда Қазақстанды көрші мемлекеттер бөліп алған. Осы әрқашан біздің есімізде болуы керек. Біз мемлекеттілікті сақтай алатынымызды, жұмылған күш екенімізді әлемге, нақты көршілерімізге дәлелдей білуіміз керек. Билікке өз кезегінде, әртүрлі саяси палитраның пайымдарын ескере отырып, парламентте, жергілікті мәслихаттарда саяси күштердің қатысуын кеңейту қажет. Осы тұрғыда тағы бір айта кететін мәселе, Тәуелсіздіктің өз құны болады. Біз үшін ұлттық бірлік, әлеуметтік ымыраға бара білу, саяси консенсус мәдениеттеріне үйрену, осыған барлық азаматтарды баулу өте маңызды. Қазақстанның Тәуелсіздігі бізбен басқа ешкімге қажет емес. Осы аксиома әрбіріміздің есімізде болуы абзал, - деді Сайыров.