Қазақстанның еңбек сіңірген ұстаздары мектепті басқару ісіне қатысуы қажет – министр

28 Наурыз 2024, 15:07
357
Бөлісу:
Қазақстанның еңбек сіңірген ұстаздары мектепті басқару ісіне қатысуы қажет – министр
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев "Қазақстанның Еңбек ері" және "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" атақтарын иеленген еліміздің құрметті педагогтерімен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Олардың қатарында Аягүл Миразова, Алина Соловьева, Алма Шүкіжанова сынды отандық білім беру жүйесінің қалыптасу тарихында еңбегі сіңген, есімдері көпшілікке белгілі ұлағатты ұстаздар да бар.

Қазақстанның Еңбек ері Аягүл Төреқызы Мемлекет басшысының қолдауының арқасында елімізде педагог мәртебесіне ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өтті. Дегенмен білім жүйесін одан әрі жетілдіру үшін оны үздіксіз дамыту қажет деген ұстаз, әр мұғалім баланың рухани жан дүниесі бай, адамгершілігі жоғары тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етуі керек екенін айтады.

Бізге үлкен жауапкершілік жүктелген. Сондықтан жас ұстаздар балалардың бойына тек академиялық білімді сіңіріп қана қоймай, адами қасиеттері мен моральдық принциптеріне де мән беріп, тәрбиелеуі қажет. Президент ұлттық құрылтайда басымдық берген құндылықтар барлық педагогикалық қауымдастық пен ата-аналар үшін темірқазыққа айналуы тиіс, - деп атап өтті Аягүл Миразова.

Қазақстанның еңбек сіңірген ұстаздары мектепті басқару ісіне қатысуы қажет – министр

Өз кезегінде министр ұстаздарға бала оқытудағы ерен еңбектері үшін алғыс білдіріп, олардың үздік тәжірибелері мен парасат-пайымдары өңірлерде таратылуы керектігін айтты.

Ыбырай Алтынсарин “Мұғалім болу – мансап емес, жоғарыдан берілген сый” деген еді. Мұғалімнің еңбегі ерен, өлшеусіз. Ал қазіргі педагог – ол көшбасшы, барлық әріптесіне үлгі болуға тиіс. “Қазақстанның Еңбек ері”, “Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы” атағын алған мұғалімдер кәсіби сарапшы ретінде мектепті басқару ісіне, тәрбие жұмыстарына қатысуы қажет, – деді Ғани Бейсембаев.

Қазақстанның еңбек сіңірген ұстаздары мектепті басқару ісіне қатысуы қажет – министр

Оқу-ағарту министрі білім беру саласындағы кейінгі жылдардағы оң өзгерістерге тоқталды. Атап айтсақ, жалақы көлемін ұлғайту, жүктемені азайту, кәсіби біліктілікті арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және т.б. Бүгінгі таңда еліміздегі 2 906 мектепте балалар бір ауысымда білім алуда.

Мемлекет басшысы елімізде алғаш рет “Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы” мемлекеттік наградасын бекітті. 2021 жылдан бері 46 педагог осы марапатты алса, үш педагог “Қазақстанның Еңбек ері” атағын иеленді.

Өзгелердің жаңалығы