Астана қаласы Abu Dhabi Plaza көпфункционалды кешенінде 35 жастан асқан бизнестегі әйелдерді қолдау мақсатында “Қазақстанның бизнес кеңістігіндегі 35+ әйелдер тарихы” атты бірінші бизнес-бранч өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл іс-шара 35 жастан асып бизнесте жаңа белестерді бағындырған әйелдерді шабыттандыруға және қолдауға арналған. Сондай-ақ, шараның басты мақсаты табысты кәсіпкер әйелдерді, сарапшыларды және қоғамдық ұйымдардың өкілдерін әйелдер өміріндегі негізгі мәселелерді талқылау үшін және құнды тәжірибе алмасу үшін біріктіру.
Кездесудің бірінші панельдік сессиясында спикерлер өз компаниялары мен ұйымдарында тұрақты даму мен әлеуметтік жауапкершілікті ілгерілетудегі әйелдердің рөлі жайында және әйелдердің өз қызмет салаларындағы инновациялар мен дамуға әсері, олардың бизнес-процестер мен стратегияларды өзгертудегі рөлі мәселесін талқылады.
Екінші сессия шығармашылық саладағы әйелдерді жетістікке шабыттандыратын жайттар, көшбасшы әйелдер енгізген инновациялық тәсілдер мен шығармашылық шешімдері, әйелдердің идеяны құрудан оның табысты кәсіпке айналуы және Қазақстан экономикасына ықпал етуіне дейінгі жолы қарастырылды.
Зерттеулер көрсеткендей, басшылық қызметте әйелдер отырған компаниялардың қаржылық табысқа жету мүмкіндігі 15%-ға жоғары. Алайда елімізде әйелдердің тек 20% - дан азы басшылық лауазымдарда. Бұл көрсеткішті көтеруге әйелдер қауымының сапалы білім алуы, дамуы және бір-бірін қолдауы әсер етеді.