Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанның Бейбітшілік кеңесіне қатысуы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс кулуарында журналистер Қазақстан бұл бастама аясында қандай көлемде қаржы аударғанын немесе аударуды жоспарлап отырғанын сұрады. Министрдің айтуынша, Қазақстан әзірге қаржылай жарна енгізген жоқ.
Біріншіден, біз әзірге ешқандай қаржы салған жоқпыз. Әңгіме тұрақтандыру шаралары аясында далалық аймаққа бар дәрігерлер жіберуге дайын екеніміз туралы болып отыр. Сонымен қатар студенттерді оқытуға гранттар бөлуге дайынбыз. Гуманитарлық көмек көрсетуге немесе азық-түлік жеткізуге де әзірміз. Яғни көмектің басым бөлігі осындай бағытта көрсетіледі. Мұның барлығы да бағалануы мүмкін. Бұл – жан-жақты көмек, оның негізгі бөлігі гуманитарлық сипатта болады, – деді Жұманғарин.
Журналистер АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемесіне сәйкес бастамаға қатысушы елдер шамамен 7 млрд доллар жинағанын айтып, Қазақстан нақты қандай көлемде қаржы бөлуді қарастырып отырғанын сұрады.
Министрдің сөзінше, бұл мәселе Үкімет деңгейінде әлі талқыланбаған.
Бұл мәселелерді біз Үкімет деңгейінде әлі талқылаған жоқпыз. Сондықтан бұған дейін берген жауабым – қазіргі таңда соңғы жауап, – деп түйіндеді ол.