Қазақстанның барлық өңірінде интернетке қолжетімділік мәселесін шешу керек – сарапшы

Кеше, 18:16
189
Бөлісу:
Қазақстанның барлық өңірінде интернетке қолжетімділік мәселесін шешу керек – сарапшы
Фото: pixabay.com

ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының аға ғылыми қызметкері Нұркен Айтымбетов Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы тоқталған цифрландыру мен жасанды интеллект мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол Президенттің осы уақытқа дейін сөйлеген сөздерінде, халыққа арнаған жолдауларында цифрландыру саласын үнемі қозғап кететінін айтты. Себебі сарапшы жаһандану заманында алдыңғы қатарлы цифрлы технологияларды, жасанды интеллектіні дамыту бәсекеге қабілетті болуға жол ашатынын жеткізді.

Қазақстан 2017 жылы "Цифрлы Қазақстан" деген бағдарлама қабылданған кезден бастап цифрландыру жүйесін белсенді түрде дамытып келе жатыр. Осы сала бойынша еліміз, БҰҰ деректеріне сәйкес, 24-орынды иеленеді. Ал посткеңестік кеңістік пен Орталық Азияда Қазақстан – цифрландырудан көшбасшы мемлекеттердің бірі. Қазіргі кезде денсаулық сақтау саласына, экономикаға, білім саласына цифрлық технологиялар енгізіліп, соның нәтижесін халық көріп отыр, - деді Нұркен Айтымбетов.

Сарапшы оған мысал ретінде Egov, Damumed сияқты платформалардың құрылуын айтты. Халықтың Egov.kz платформасы арқылы 300-ден астам қызмет түрін қашықтықтан алып отырғанын еске салды.

Нұркен Айтымбетов Мемлекет басшысының цифрлы технологияларды дамытып, жасанды интеллектіні экономикаға және басқа да салаларға енгізу ұсынысының артықшылықтарына тоқталды және жасанды интеллектіні қолданудағы Қазақстанның орнын айтты.

Бұл бір жағынан ашықтықты көрсетеді, екінші жағынан жемқорлық мәселесін жоюға алып келеді. Ол – экономиканың нағыз қозғаушы күші. Қазіргі кезде ChatGPT сияқты көптеген жасанды интеллект түрлерін өндіріс саласына, экономикаға, денсаулық сақтау, бизнес сияқты басқа да маңызды салаларға енгізу әлемдік тенденцияға айналып отыр. Қазақстанды осы салада әлі де жаңадан бастаған мемлекет ретінде санауға болады, әлі артта қалып отыр. Яғни ЖИ-ді енгізуді қолға алу керек, - деді ол.

Нұркен Айтымбетов ол үшін Қазақстанның барлық өңірлерінде интернетке қолжетімділік мәселесін шешу керегін айтты.

Қалалық жерлерде 4G, 5G жоғары жылдамдықты интернет халыққа қолжетімді болса, кейбір шалғай ауылдарда әлі күнге дейін байланыс, интернет байланысы нашар. Ол қала мен шалғай ауылдар арасында теңсіздікті тудырады, - деді сарапшы.

Ол сондай-ақ Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент көтерген жалған ақпараттардың таралуы, интернет алаяқтық, кибер шабуыл мәселелерін құқық қорғау органдары қатаң бақылауға алып, азаматтардың жеке мәліметтерін қорғау жүйесін жетілдіру маңызын атады.

Өзгелердің жаңалығы