Қазаэронавигацияның Кәсіби дайындау орталығы авиация персоналын даярлау бойынша әлемдегі алдыңғы қатарлы оқу орталықтарының бірі деп танылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Абу-Даби қаласында (БАӘ) өткен ИКАО жаһандық симпозиумында ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар Кәсіби дайындау орталығының директоры Жанат Уртембаеваға PLATINUM мәртебесін растайтын құрмет белгісін тапсырды. Бұл ИКАО TRAINAIR PLUS бағдарламасына қатысушылар арасында ең жоғары мәртебе.
PLATINUM мәртебесіне қол жеткізу үшін ИКАО бағдарламасының талабы бойынша ИКАО мақұлдаған стандартталған оқу курстарын өткізе отырып, күнтізбелік жыл ішінде кемінде 100 міндетті миль жинақтау қажет. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Кәсіби дайындау орталығына (КДО) 116 міндетті миль есептелді.
ИКАО TRAINAIR PLUS бағдарламасы оқу ұйымдары мен салалық әріптестердің корпоративтік қоғамдастығы. Қатысушылар ИКАО мақұлдаған оқу курстарын бірлесіп әзірлейді және өткізеді.
TRAINAIR PLUS оқу орталықтарына стандартталған оқу-әдістемелік кешендердің жаһандық желісіне қолжетімділікті ұсыну, олардың техникалық сараптамасын жүзеге асыру, сондай-ақ авиация мамандарын даярлау сапасын қадағалау арқылы авиация персоналын оқытуды жаһандық стандарттауды қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда бұл бағдарламаға корпоративтік әріптестерді (жоғары оқу орындары мен халықаралық ұйымдар) қоса алғанда 120 қатысушы мүше.
PLATINUM мәртебесі авиациялық персоналды даярлауға ерекше көңіл бөлетін, өңірде немесе жаһандық деңгейде жетекші рөл атқаратын бағдарламаға қатысушыларға арналған. Бүгінде «Қазаэронавигация» РМК-да тек ИКАО сертификатын алған курс әзірлеушілер ғана емес, сонымен қатар ИКАО курстары әдіснамасының нұсқаушылары мен валидаторлары да бар.
Қазіргі уақытта орталықта авиация персоналын даярлайтын 36 жоғары білікті маман жұмыс істейді, оның ішінде теориялық және жаттығу құрылғысында даярлайтын 18 нұсқаушы және диспетчерлік жаттығу құрылғысының 6 операторы бар. Кәсіби дайындау орталығы Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдарына, сондай-ақ шетелдік тапсырыс берушілерге 67 оқу бағдарламасын ұсынады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша «Қазаэронавигация» РМК Кәсіби дайындау орталығында Қазақстаннан, таяу және алыс шетелдерден азаматтық авиация саласының 2821 маманы білім алды.
Айта кету керек, ИКАО Еуропалық және Солтүстік Атлант бюросында PLATINUM мәртебесі тек 4, ал бүкіл әлемде 16 оқу ұйымына берілген және олардың бірі - «Қазаэронавигация» РМК Кәсіби дайындау орталығы.