Қазақстанның әуе кеңістігімен өтетін транзиттік ұшақтар саны артты

28 Ақпан 2022, 15:55
1351
Бөлісу:
Қазақстанның әуе кеңістігімен өтетін транзиттік ұшақтар саны артты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің аэронавигациялық жүйесі ешқандай шектеулерсіз әуе қозғалысын қабылдай алады.

Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.

Әуе кеңістіктерінің жабылуына байланысты Еуропадан Оңтүстік-Шығыс Азия, Үндістан және Парсы шығанағы елдеріне бағытталған транзиттік рейстердің көпшілігі қазір Еуропаның оңтүстік дәліздері арқылы орындалуда.

Бұл ретте әуе қозғалысы ағынының бір бөлігі Қара теңіз өңірінен Қазақстан аумағына бағытталды. Соңғы тәулікте елдің әуе кеңістігі арқылы бұрын жоспарланбаған 257 рейс орындалды.

Республиканың аэронавигациялық жүйесінің өткізу қабілеті ешқандай шектеусіз әуе қозғалысының қосымша көлемін қабылдауға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.

Сондай-ақ, әуе қозғалысын ұйымдастыру бойынша бірқатар арнайы шаралар қарастырылған: қосымша секторлар ашу, кезекші ауысымдарды күшейту және азаматтық-әскери үйлестірудің өзара іс-қимылы, түзетілген және балама бағыттар ұсыну, Қазақстанның әуеайлақтарына қонатын кемелер үшін әуе кеңістігін пайдалануға рұқсат беруді оңайлату және т. б.

Еуропадан Қытайға және Оңтүстік-Шығыс Азияға бағытталған рейстердің артуы елімізге айына $1,5 млн көлемінде қосымша табыс әкеледі.

Өзгелердің жаңалығы