Қазақстанның 10 университеті THE World University Rankings рейтингіне енді

Ең жоғары көрсеткішке Nazarbayev University қол жеткізіп, 376-400 орындар аралығына жайғасты.

19 Қараша 2026, 07:12
АВТОР
 Ғылым және жоғары білім министрлігі 19 Қараша 2026, 07:12
19 Қараша 2026, 07:12
41
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Астанада өтіп жатқан III Халықаралық стратегиялық серіктестер форумы аясында «Жоғары білімнің болашағы: ғылым, инновациялар және жаһандық серіктестік» тақырыбында панельдік сессия өтті. Оған шетелдік университеттер мен ғылыми-білім беру ұйымдарының өкілдері қатысып, жоғары білім жүйесін жаңғырту, ғылыми зерттеулерді дамыту және болашақ экономикаға қажетті мамандар даярлау мәселелерін талқылады.

Пікірталасқа Халықаралық стратегиялық серіктестер кеңесінің (ISPC) бас хатшысы, профессор Олгун Чичек модераторлық етті. Сессияда Қазақстанның еуропалық зерттеу бастамаларына, соның ішінде Horizon Europe бағдарламасына қатысу перспективалары және Еуропалық зерттеу кеңістігімен (ERA) ынтымақтастығы сөз болды. Қатысушылар ғылыми байланыстарды кеңейтіп, отандық зерттеулерді халықаралық жобаларға тарту мүмкіндіктерін қарастырды.

Сондай-ақ университеттердің білім беру жүйесіндегі рөлінің өзгеруіне назар аударылды. Бүгінде студенттерге теориялық білім берумен қатар, оларды ғылыми зерттеулерге тарту, зерттеу дағдыларын қалыптастыру және еңбек нарығында сұранысқа ие құзыреттерді дамыту маңызды екені атап өтілді.

Сессияға TUM International бас директоры Фридерике Хеттингер, Бохумдағы Рур университетінің өкілі Елена Реш, Фейсалабад ауыл шаруашылығы университетінің ректоры Зульфикар Али, Сан-Паулу мемлекеттік университетінің профессоры Хосе Фернандо Гарсия, Бейжің білім мен ғылымды дамыту қорының президенті Цуй Шань, Китасато университетінің қауымдастырылған профессоры Масару Отиай және Сеул киберуниверситетінің президенті Ли Ынджу қатысты.

Форум бағдарламасы Times Higher Education панельдік сессиясымен жалғасты. THE World University Rankings 2027 рейтингіне Қазақстанның 10 жоғары оқу орны енді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Ең жоғары көрсеткішке Nazarbayev University қол жеткізіп, 376-400 орындар аралығына жайғасты. Осылайша, университет ТМД, Орталық Азия және Кавказ елдерінің жоғары оқу орындары арасында көш бастады. Ал С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті рейтингке алғаш рет енді.

Форум аясындағы кездесулер қазақстандық жоғары оқу орындарының шетелдік серіктестермен білім беру және ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастығын кеңейтуге, тәжірибе алмасуға және бірлескен жобалардың перспективалы бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

Наверх