3-4 шілдеде Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті өтеді. Бас қалаға қай елдің басшылары келеді? Олар саммитте қандай мәселе талқылайды? Жалпы саммиттен не күтуге болады? BAQ.KZ тілшісінің шолуынан оқи аласыздар.
4 шілдеде елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстанның төрағалығымен ШЫҰ саммиті өтеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан бұрын ШЫҰ Астана саммиті “Көпжақты диалогты нығайту – тұрақты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу” тақырыбына арналатынын атап өткен болатын.
Саммитке 16 елдің, атап айтқанда, Қазақстан, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия, Әзербайжан, Катар, БАӘ, Түркия және Түрікменстанның мемлекет және үкімет басшылары қатысады.
Сондай-ақ саммитке ШЫҰ Бас хатшысы мен ШЫҰ аймақтық терроризмге қарсы құрылымының атқарушы директоры қатысады. Оған БҰҰ Бас хатшысы мен ТМД, ЭЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, ХОСБ және ЕЭК сияқты халықаралық ұйымдардың басшылары, бақылаушы елдер мен диалог бойынша серіктестер басшылары қатысады деп күтіліп отыр.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері мен саяси мәселелердің кең ауқымын қарастырады. Сонымен қатар Астанада өтетін саммитте Беларусьтің Шанхай ынтымақтастық ұйымына кіруі туралы шешім қабылданады.
Осыған орай Астанада күшейтілген қауіпсіздік шаралары енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, саммит кезінде балабақшалар жабылып, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың кейбір қызметкерлері қашықтан жұмысқа ауыстырылады.
Еске сала кетейік, Қазақстан ШЫҰ-ға 2023 жылдың шілдесінен бастап төрағалық етеді. Астана саммитінен кейін ұйымға төрағалық Қытайға өтеді.
ШЫҰ дегеніміз не?
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) - тұрақты жұмыс істейтін үкіметаралық халықаралық ұйым. ШЫҰ-ның негізгі мақсаттарына не кіреді:
- мүше мемлекеттер арасындағы өзара сенім мен тату көршілікті нығайту;
- олардың саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени салалардағы, сондай-ақ білім беру, энергетика, көлік, туризм, қоршаған ортаны қорғау және басқа да салалардағы тиімді ынтымақтастығына жәрдемдесу;
- бейбітшілікті, қауіпсіздікті және аймақтағы тұрақтылық;
- демократиялық, әділ және ұтымды жаңа халықаралық саяси және экономикалық тәртіпті құруға ықпал ету.
Ұйым ішіндегі қатынастарда ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер "Шанхай рухы" идеясын және консенсус пен өзара сенім, өзара тиімді ынтымақтастық, теңдік, өзара консультациялар, мәдениеттердің алуан түрлілігін құрметтеу және бірлесіп дамуға ұмтылу қағидаттарын ұстанады. Ал сыртқы қатынастарда - ашықтық, блоктарға жатпау және үшінші елдерге қарсы бағытталмау қағидаттарын ұстанады.
ШЫҰ құрылу тарихы
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын (ШЫҰ) құру туралы 2001 жылғы 15 маусымда Шанхайда (ҚХР) Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы жариялады.
Бұған дейін Өзбекстаннан басқа барлық аталған елдер "Шанхай бестігінің" - шекара аймағындағы әскери саладағы сенімді нығайту туралы келісімге (Шанхай, 1996)және шекара аймағындағы қарулы күштерді өзара қысқарту туралы келісімге (Мәскеу, 1997)негізделген саяси Бірлестіктің қатысушылары болған. Осы екі құжат шекаралас аудандардағы әскери салада өзара сенім тетігін құрды, шын мәнінде серіктестік қатынастарды орнатуға ықпал етті.
Өзбекстан ұйымға кіргеннен кейін (2001) "бестік ""алтылыққа" айналды және ШЫҰ болып өзгертілді. Шанхай ынтымақтастық ұйымының міндеттері бастапқыда Орта Азиядағы террористік актілердің, сепаратизм мен экстремизмнің жолын кесу жөніндегі өзара өңірішілік іс-қимыл саласында болды.
2002 жылғы маусымда ШЫҰ мемлекет басшыларының Санкт-Петербург саммитінде 2003 жылғы 19 қыркүйекте күшіне енген Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Хартиясына қол қойылды. Бұл ұйымның мақсаттары мен принциптерін, оның құрылымы мен қызметінің негізгі бағыттарын белгілейтін негізгі жарғылық құжат.
Сонымен қатар 2006 жылы ШЫҰ-ның Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес жөніндегі жоспарлары әлемдегі терроризмнің қаржылық тірегіретінде жарияланды, ал 2008 жылы Ауғанстандағы жағдайды қалыпқа келтіруге белсенді қатысу. Сонымен қатар ШЫҰ қызметі кең экономикалық бағытқа ие болды. 2003 жылдың қыркүйегінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшылары 20 жылға есептелген көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды.
Ұзақ мерзімді мақсатретінде ШЫҰ кеңістігінде еркін сауда аймағын құру, алқысқа мерзімді перспективада сауда және инвестициялар саласында қолайлы жағдайлар жасау процесін жандандыру көзделеді.
ШЫҰ-ға мүшемемлекеттер басшылары кеңесінің 2015 жылғы 10 шілдедегі Уфа отырысында ұйымның жаңа мүшелерін - Үндістан мен Пәкістанды қабылдау рәсімін бастау туралы шешім қабылданды. Беларусь Республикасының ШЫҰ жұмысына қатысу мәртебесін бақылаушы мемлекетке дейін арттыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сонымен қатар Әзербайжан,Армения, Камбоджа және Непал ШЫҰ отбасына диалог серіктестері ретінде қосылады. 2017 жылғы 8-9 маусымда Астана қаласында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтіп, ұйымға мүше мемлекет мәртебесі Үндістан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасына берілді.
2023 жылдың 4 шілдесінде Нью-Делиде Иран Ислам Республикасына ұйымға мүше мемлекет мәртебесі берілді.
Енді 3-4 шілдеде өтетін Астана саммитінде Беларусьтің ШЫҰ-ға қосылуының үш жылдық рәсімі аяқталады. Оның толық мүшелігі туралы шешім қабылданады. 2022 жылы Самарқанд саммитінде Беларусьті қабылдау рәсімін бастау туралы шешім қабылданған болатын. 2023 жылы Нью-Дели саммитінен бастап, Беларусь Республикасы мүше мемлекет мәртебесін алу үшін барлық қажетті міндеттемені орындады.
ШЫҰ саммиті: Сарапшылар не дейді?
Қазақстанға мүмкіндіктер ашады
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым ШЫҰ-ның Қазақстанға тигізер пайдасы жайлы айтты.
ШЫҰ-ның басқа ұйымдардан айырмашылығы – біргегей акционерінің жоқтығында. Мысалы кейбір ұйымдарда АҚШ-тың беделі басым, кейбір ұйымдарда Ресейдің беделі басым дегендей. ШЫҰ-ның ішкі құрылымында әлеуеті өте зор мемлекеттер бар. Яғни оны бір жаққа бұрап әкету қиын. Қазір әсіресе шығыс пен батыстың арасындағы, оңтүстік пен солтүстік арасындағы қақтығыстар заманында, Ресей мен батыс арасындағы немесе Қытай мен батыс арасындағы кикілжіңдер кезінде бізге өзіміздің аймақтардағы елдерді біріктіретін, мүдделерін теңестіретін ұйымның болғаны, оның белгілі бір мемлекеттердің Қазақстанға ықпал еткісі келетін мемлекеттерді есептесуге шақыра алатын ұйымдардың болғаны біз үшін тиімді, - деді депутат.
Сарым Қазақстанның дипломатиясы жайлы пікірін білдірді.
Қазір әлемнің де өзгеріп келе жатқанын көріп отырмыз. Бүгінгі экономикалық айналым, сауда-саттықтың саны көбіне Азия елдеріне қарай шығып жатыр. Байқасыңыз, соңғы кездері Қазақстанның дипломатиясы Малайзия, Индонезия сияқты елдерге бағытталып жатыр. Ол жақтың экономикалық өсімі де, әлеуеті де мықты, артық инвестиция беруге мүмкіндіктері бар. Сол себепті осы мемлекеттерді біріктіріп жатқаннан кейін ол жақтағы қатынастар экономикалық, екіжақты және көпжақты қатынастарға да мүмкіндік ашады. Бізге қажеті осы, - деп ойын айтты Мәжіліс депутаты Айдос Сарым.
Саммитте қандай мәселелерге басымдық беріледі
Қытайды зерттеушілер қауымдастағының төрағасы, саясаттанушы Қазбек Майгельдинов атап өткендей, ШЫҰ-ның басты мақсаты – аймақтағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау және қамтамасыз ету. Әсіресе сепаратизм, экстремизм, терроризмге қарсы бірге жұмыла күресу. “Шанхай бестігі” әу баста осы мақсатта, яғни аумақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құрылған болатын.
2023 жылдан бастап ШЫҰ-ға төрағалық Қазақстанға өткен болатын. Ұйымның биылғы Астана саммитінде төрағалық Қытайға өтеді. Қазақстан төрағалық еткен кезде өңірлік қауіпсіздік пен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды іс-шаралар өткізді.
Біріншіден, бұл әрине терроризм, экстремизм және қауіпсіздіктің ағымдағы сын-қатерлерін талқылау үшін жоғары деңгейдегі кездесулер ұйымдастырған болатын. Бұл әсіресе Сыртқы істер министрлігі кездесулері, оған қоса аймақтық антитеррорлық байланыс мақсатында өткізілген отырыстар нәтижесінде көптеген лаңкесті ұстау, лаңкестік әрекеттердің алдын алу сияқты көзге көрінбейтін, бірақ күнделікті жүріп жатқан қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар жүргізілді. Екіншіден, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдету, әсіресе инфрақұрылым, көлік және энергетика саласындағы бірлескен іс-әрекеттер жасау. Бұл жерде Қазақстан қазіргі таңда Транскаспий халықаралық көлік маршрутын жүзеге асыруға басты рөл беріп отыр. Осы орта дәліз бен оңтүстік дәліз, яғни Орталық Азия мемлекеттерінен өтетін, Қытайдан бастау алатын дәліздің арасындағы ынтымақтастықты дамыту жұмыстары. Сонымен қатар қазір ШЫҰ-да көлік инфрақұрылымын модернизациялау, оның ішінде цифрландыруға баса мән беріліп отыр. Осы тұрғыда былтыр 1 ақпанда Қазақстан алғаш рет цифрлық ШЫҰ форумын ұйымдастырды. Нәтижесінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы цифрлық кеңістікті дамытуға бастама жасалды, - деді сарапшы.
Қазбек Майгельдинов атап өткендей, ШЫҰ-ға төрағалығы кезінде Қазақстан 2024 жылды Экология жылы деп атауға ұсыныс жасаған болатын. Қазіргі таңдағы климаттық өзгерістер осылай атаудың басты себебі.
Өздеріңіз білетіндей, бірнеше күн бұрын Қырғызстанда сел болды. Бұған дейін елімізде қар суы еріп, су тасқыны салдарынан төтенше жағдай жарияланған болатын.
Яғни экология, климаттық өзгеріс мәселелері - қазіргі таңда қауіп төндіріп отырған күн тәртібіндегі басты сұрақтардың бірі. Сол себепті еліміз осы мәселенің көкейкесті екенін көрсете білді.
Сонымен бірше ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер халықтары арасындағы өзара түсінікті нығайту үшін маңызды сұрақтардың бірі – мәдени байланыс. ШЫҰ-ның рухани сабақтастығын арттыру мақсатында еліміздің киелі мекені – Түркістанды ШЫҰ-ның рухани ортасы ретінде дамытуға ұсыныс жасалды. Нәтижесінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қайта қалпына келтіруге қосқан үлесі де бар.
Одан кейінгі басты мәселе – бұл өңірдің тұрақты дамуына бағытталған стратегиялық құжаттарды әзірлеу. Бейбіт өмірді қалыптастыруға байланысты Президенттің өзі Синьхуада шыққан сұқбатында да айтып өтті. Бұл тақырып алдағы уақытта да күн тәртібінен түспейтіні анық.
“Қазақстанға назар күрт артады”
Біріншіден, аймақтық қауіпсіздік және терроризмге қарсы күрес. Мысалы, көрші Ресей Федерациясында Крокус Ситиде болған терактінің бағасы әлі де беріле жатар. Бірақ қанша дегенмен лаңкестердің қауіп төндіріп отырғанына байланысты террористік қатерлерге, экстремизмге және әсіресе трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері қаралады деп ойлаймын. Бұл ұлттық қауіпсіздікті, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өте маңызды. Екіншіден, экономикалық ынтымақтастық. Әсіресе, жаңа бірлескен экономикалық бастамалар мен жобаларды талқылау. Бұл мәселенің маңызы қандай болуы мүмкін? Цифрлы экономикаға, жасыл экономикаға өту мәселелері... ШЫҰ аясында бірлескен экономикалық жобаларды жүзеге асыру, - дейді Қытайды зерттеушілер қауымдастағының төрағасы, саясаттанушы Қазбек Майгельдинов.
Үшіншіден, Қазақстан өзінің күн тәртібінде басты назар аударып отырған мәселе – ол энергетикалық қауіпсіздік. Мемлекет басшысы күзде АЭС салуға қатысты референдум өтетінін жариялаған болатын. Бұл не үшін жасалып отыр? Әрине еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін арттыру мақсатында. Яғни сарапшы табиғи ресурстарды тұрақты пайдалану мен жасыл энергетиканы тұрақты дамытудағы ынтымақтастық мәселелері саммитте де талқыланады деп ойлайды. Аймақтық қауіпсіздікті қалыптастырудағы энергетикалық тәуелділікті төмендету өте маңызды.
Төртіншіден, климаттық өзгеріс. Осы мәселе бойынша бірлескен жұмыстар жүргізу, апаттардың алдын алу, болжау, табиғи апаттардың алдағы уақыттағы ықтималдылығын төмендету сияқты мәселелер саммитте қаралуы мүмкін.
Саммитті өткізу арқылы Қазақстанның ұтатын тұстары көп. Атап айтқанда, халықаралық беделді нығайту. Қазақстан бүгінде орта державалар қатарын күшейту, олардың мүмкіндіктерін арттыру бойынша бастаманы ілгерілетіп келе жатқан мемлекет. Тоқаев орта державалар мәселесін әрдайым көтеріп келе жатыр. Яғни әлемдік мәселелерді шешуде орта державалардың дауысы естіліп, олардың әрекеттері саналуы керек.
Қазақстанның саммитті өткізуі - халықаралық арена мен өңірлік дипломатиядағы маңызды ойыншы екенін көрсететін бірден-бір фактор. Саммит аясында ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің мемлекеттік іссапары аясында қазақ-қытай басшыларының кездесулері болады. Мұндай кездесулер міндетті түрде жаңа экономикалық келісімдер жасау, Қазақстан экономикасына инвестициялар тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар маңызды іс-шараларды өткізгенде инфрақұрылым дамиды. Мысалы, қазір Астананы қарасаңыз, жолдар салынып, LRT құрылысының қарқыны артып жатыр. Жалпы бір жағынан мұндай жиындардың қарапайым халыққа да тигізер пайдасын көріп отырмыз. Екінші жағынан, туризмді дамытуға ынталандырады. Өйткені, 16 мемлекеттік басшысы, қаншама БАҚ өкілдері келеді. Осылайша Қазақстанға назар күрт артады. Сайып келгенде бұл елімізге туристерді көптеп тартуға мүмкіндік береді деп ойламын, - деп ойын айтты саясаттанушы Қазбек Майгельдинов
Саясаттанушынің пікірінше, ШЫҰ сияқты алаңдар арқылы Қазақстан өз бастамаларын белсенді түрде ілгерілетіп, өңірдің басқа да елдерімен ынтымақтастықты нығайтуда өз бастамалары мен өз күн тәртібін халықаралық аренада жүргізуге мүмкіндік алады.
ШЫҰ “Бір белдеу, бір жол’ бастамасын бірлесіп салудағы маңызды платформа
ҚХР-дың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяо ШЫҰ “Бір белдеу, бір жол” бастамасын бірлесіп салудағы маңызды платформа екенін айтты.
ШЫҰ “Бір белдеу, бір жол” бастамасын бірлесіп салудағы маңызды платформа. Негізгі құндылықтар тұрғысынан «Шанхай рухы» мен Жібек жолы рухының көптеген ортақ тұсы бар. Географиялық тұрғыдан алғанда, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер негізінен “Бір белдеу, бір жол” бастамасының серіктестері саналады. Ынтымақтастық тұрғысынан алғанда, ШЫҰ аясындағы саяси, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық “Бір белдеу, бір жол” бастамасын бірлесіп салудың бес басымдығына толық сәйкес келеді, - деді дипломат.
Соңғы жылдары “Бір белдеу, бір жол” бастамасын бірлесіп салу тақырыбы ШЫҰ саммиттерінің декларацияларына және басқа да құжаттарға енгізілді, тараптар “Бір белдеу, бір жол” бастамасын бірлесіп салу бойынша саясаттың тығыз үйлестіруін жүзеге асырды.
Чжан Сяо мырзаның сөзінше, ШЫҰ трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін берік тосқауыл құру сияқты қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың кешенді механизмін құрып, “Бір белдеу, бір жол” бастамасын бірлесіп салу бойынша тығыз қарым-қатынас орнатты. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер ғылым және техника, мәдениет, білім беру, туризм, санитария салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге күш салып, “Бір белдеу, бір жол” бастамасын бірлесіп салудың қоғамдық негізін нығайтуға үлес қосып келеді.
ШЫҰ-ның практикалық ынтымақтастығы экономикалық дамуға және халықтың өмір сүру жағдайларын жақсартуға ықпал етіп қана қоймай, “Бір белдеу, бір жол” бастамасының сапасын арттыруды үздіксіз қолдауда маңызды қолдау көрсетіп келе жатқанын ерекше атап өткім келеді. Мысалы, ШЫҰ-ның халықаралық автомобиль тасымалдарын қолайлы жағдайлар жасау туралы келісімі өңірлік байланыстарды тереңдету және өңірлік экономикалық интеграцияны ілгерілету үшін маңызды жағдайлар жасайды, - деді ол.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламалары сауда либерализациясының деңгейін арттырып, өңірде сауда рәсімдерін оңайлату және сауданың жаңа форматтарының пайда болуына ықпал етеді. ШЫҰ-ның практикалық ынтымақтастығы “Бір белдеу, бір жол” бастамасының сапасын арттыруға серпін береді.
Астанадағы алдағы ШЫҰ саммиті ұйымның дамуы мен түрлі салалардағы ынтымақтастықтың жаңа жоспарларын әзірлеуге мүмкіндік беріп қана қоймай, ШЫҰ-ның “Бір белдеу, бір жол” бастамасының сапасын арттыруға тиімді және прагматикалық қатысуы үшін жаңа мүмкіндіктер береді, осылайша өңірлік қауіпсіздік, тұрақтылық және даму ісіне ШЫҰ-ның үлесін арттыруға мүмкіндік береді, - деп ойлаймын ҚХР елшісі Чжан Сяо.
Қазақстанның төрағалығы аяқталады
Еске сала кетсек, Қазақстан 2023 жылғы 5шілдеден 2024жылғы 5 шілдеге дейін ШанхайЫнтымақтастық Ұйымына төрағалық етіп жатыр. 2023 жылғы 4 шілдеде ШЫҰ саммитінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-ЖомартТоқаевтөрағалықтың басымдықтарын белгілеп берген болатын.
Мемлекет басшысының бастамасымен 2024 жыл ШЫҰ-да Экология жылы болып жарияланған еді. Жарты жыл бойы қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Астанадағы саммитте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкіметтері арасында қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен экологиялық туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бағдарламаға қол қою, сондай-ақ қалдықтарды тиімді басқару және ауыз су мен санитарияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы өтінішқабылдау жоспарланып отыр.