Ақтөбе қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайдың ветеринариялық бақылау бекетіне Дания Корольдігінен қызыл дат тұқымды 148 бас ірі қара жеткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Карантин қалай өтті?
Қазақстанға жіберілгенге дейін жануарлар еліміздің ветеринариялық-санитариялық талаптарына сәйкес 21 күндік карантиндік бақылаудан өтті.
Қазіргі уақытта мамандар ілеспе ветеринариялық құжаттарды тексеруде. Келесі кезеңде жануарларға физикалық тексеру жүргізіледі.
Жануарлардың денсаулық жағдайы, сәйкестендіру нөмірлері және ұсынылған құжаттардың белгіленген талаптарға сәйкестігі тексеріледі.
Ветеринариялық бақылау нәтижелері оң болған жағдайда, ірі қара Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданында орналасқан «Арыстанов» шаруа қожалығына жеткізіледі.
Сирек кездесетін қандай тұқым?
Бұл тұқым әлемде сирек кездеседі. Қызыл дат сиыры 18-19 ғасырларда жергілікті малды ангельн және солтүстік шлезвиг тұқымдарымен будандастыру арқылы өрбіген.
Оны сүті үшін жоғары бағалайды. Селекция жұмыстары алдымен сауын мөлшері бойынша жүргізіліп, кейін майлылығына қарай бағытталды, нәтижесінде қызыл дат тұқымы сүт майы мен ақуыз мөлшері жағынан голштин-фриз тұқымынан асып түседі.
Далалы аймақ үшін бұл малдың екінші маңызды қасиеті де бар. Тұқым төзімді, әртүрлі климатқа бейімделеді, өрескел жем-шөпті жақсы қорытады және маститке төзімді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 2030 жылға дейін ірі қара саны 12 миллион басқа жетуі мүмкін екені хабарланды.