Қазақстанға бірпалаталы парламентке көшу не береді?  

Орталық Азия елдеріндегі саяси өзгерістер.

 BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 09:10
Бүгiн 2026, 09:10
211
Фото: BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

1 шілдеден бастап Қазақстан Парламенттің бірпалаталы моделіне көшеді. Осыған байланысты мұндай жүйе бұрыннан жұмыс істейтін елдердің тәжірибесін зерделеу маңызды бола түсті. Бірпалаталы парламентаризмнің әлемдік тәжірибесі туралы BAQ.KZ тілшісі халықаралық сарапшымен сұхбаттасты.

Әлемдегі бірпалаталы парламент

Заң ғылымдарының докторы, университет оқытушысы әрі Молдова Республикасының Конституциялық әділет институтының төрағасы Валерий Кучук Қазақстанның бірпалаталы модельге көшуін елдегі ауқымды саяси өзгерістердің бір бөлігі ретінде қарастыру қажет деп есептейді. Оның айтуынша, конституциялық реформа президенттік басқару формасын күшейтіп, биліктің негізгі институттары арасындағы өкілеттіктер тепе-теңдігін өзгертеді.

Валерий Кучуктың сөзінше, бірпалаталы модель Еуропадағы шағын және орта мемлекеттерде, сондай-ақ Азия, Африка, Латын Америкасы мен Океания елдерінде кең таралған. Еуразия кеңістігінде мұндай жүйеге Украина, Түркия, Швеция, Қытай, Иран және Израиль жатады.

Қазіргі әлемде саяси жүйелер үнемі дамып отырады және кей жағдайда заң шығарушы органның бір құрылымынан екіншісіне ауысады. Мысалы, Молдовада белгілі бір кезеңде екіпалаталы парламент құру мәселесі байыпты түрде талқыланған болатын. Бұл Приднестровье мәселесін шешіп, мойындалмаған Приднестровье республикасын таратуға мүмкіндік береді деген пікір болды. Болашақта бұл нұсқа қайта көтерілуі де мүмкін. Алайда бірпалаталы жүйеде биліктің шамадан тыс шоғырлануын тежеу мүмкіндігі төмен болатынын, сондай-ақ жеткілікті пысықталмаған заңдар салдарынан жүйелі құқықтық қайшылықтар туындауы ықтимал екенін ескеру қажет», – дейді сарапшы.

Ол парламенттің ықпалы палаталардың санына емес, саяси жүйеге, легитимділік деңгейіне және конституциялық өкілеттіктер көлеміне байланысты екенін атап өтті.

Сарапшы ең айқын мысалдар ретінде Қытай, Түркия, Оңтүстік Корея, Израиль, Швеция және Дания елдерін атайды. Бұл мемлекеттерде бірпалаталы парламенттер заң шығару, атқарушы билікті қалыптастыру және бақылау, бюджетті бекіту мен маңызды тағайындауларды мақұлдау ісінде маңызды рөл атқарады. Сарапшының пікірінше, дәл осы өкілеттіктер парламентті мемлекеттік шешімдер қабылдайтын негізгі институттардың біріне айналдырады.

Бірпалаталы парламентке сәтті көшу үшін қандай шарттар қажет?

Қазақстанда бірпалаталы парламентке көшу сәтті болуы үшін қандай талаптар орындалуы керек? Валерий Кучуктың пікірінше, екіпалаталы жүйеден бас тарту мемлекетті автоматты түрде тиімді ете алмайды. Мұнда билік тармақтарының тепе-теңдігі, бақылау тетіктері және өкілдік сапасы шешуші рөл атқарады.

Сарапшы бірнеше маңызды шартты атап өтті:

  • парламенттің шынайы дербестігі;
  • тәуелсіз Конституциялық сот;
  • бәсекелі партиялық жүйе;
  • өңірлердің өкілдігі;
  • реформалардың кезең-кезеңімен жүргізілуі.

Оның айтуынша, Қазақстан үшін өңірлік тепе-теңдікті сақтау, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және әділ, демократиялық сайлау арқылы сайланған парламенттің тәуелсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды.

Орталық Азия елдеріндегі саяси өзгерістер

Соңғы жылдары Орталық Азия елдерінде қандай саяси өзгерістер болып жатыр? Валерий Кучуктың пікірінше, өңір бүгінде терең саяси трансформация кезеңін бастан өткеруде және әр мемлекет өз мемлекеттік даму моделін қалыптастырып келеді.

Сарапшының айтуынша: Қазақстанда – басқарылатын конституциялық реформа жүріп жатыр, Өзбекстан – сақ либерализация жолын таңдаған, Қырғызстан – өңірдегі ең ашық саяси мемлекет болып қалып отыр. Ал Тәжікстан мен Түрікменстан неғұрлым жабық әрі орталықтандырылған модельдерді сақтап келеді.

Еуразиялық кеңістік туралы айта келе, сарапшы бірнеше негізгі үрдіске назар аударды: президенттік биліктің күшеюі, парламент пен мемлекет басшысы арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу, кей елдердегі демократияландыру әрекеттері, басқаруды орталықтандыру немесе керісінше орталықсыздандыру үрдістері.

Валерий Кучуктың пікірінше, Орталық Азиядағы саяси реформаларды Еуразиядағы жалпы процестерден бөліп қарастыруға болмайды. Оның айтуынша, бүгінде көптеген мемлекет мемлекеттік басқару моделін қайта ой елегінен өткізіп, билік вертикалын нығайтып, өз даму жолын іздестіріп жатыр.

Ұқсас процестер Молдовада да байқалады. Онда саяси жүйенің терең трансформациясы жалғасуда. Сонымен қатар Орталық Азия біртіндеп өңірлік ынтымақтастықты күшейтіп, ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған тұрақты тенденцияларды қалыптастырып келеді.

Осыған ұқсас түрде, Молдова Республикасы да әлі күнге дейін өзінің саяси жүйесін терең трансформациялау жолында келе жатыр деп айта аламыз. Бұл өзгерістер тіпті Молдова мемлекетінің жойылуына алып келуі де мүмкін. Айтпақшы, бұл туралы жақында біздің президент Майя Санду мәлімдеді. Бірақ әр мемлекет өз жолымен дамиды, – деді сарапшы.

Сондай-ақ ол өңірдегі ішкі өзгерістерге де тоқталды. Оның айтуынша, Орталық Азия елдерінде буын алмасуы жүріп жатыр, ұлттық мүддеге бағытталған кадрлардың рөлі артып, ұлттық бірегейлік күшейіп келеді. Сарапшының пікірінше, Орталық Азия басқарылатын модернизация кезеңінен өтіп жатыр және оның геосаяси маңызы арта түсуде.

Сонымен қатар өңірдегі саяси жүйелердің басым бөлігі президенттік модельді сақтап отыр және белгілі бір деңгейде авторитарлық сипатқа ие. Осы үдерістер аясында Еуразияның көптеген елінде конституциялық реформалар мен саяси трансформациялар жалғасып жатыр. Алайда олардың бағыттары әртүрлі: кей мемлекеттер орталықтандыру мен билік вертикалын күшейту жолын таңдаса, Орталық Азия елдері өзіндік даму ерекшеліктерін көрсетіп келеді.

Наверх