Бұл жайында Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның мәлімдеуінше, көші-қон саясаты тұжырымдамасы аясында шетелде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары үшін еңбек құқықтарын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 194 мыңнан астам адам шетелде еңбек еткен.
Қазақстандықтардың еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету үшін Еңбекмині Түркиямен, БАӘ, Ұлыбританиямен және тағы басқа елдермен жаңа келісімдер жасасуға бастамашылық жасау жөнінде қосымша шаралар қабылдады.Оңтүстік Кореяда ел азаматтарын заңды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету үшін Қазақстанды «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» енгізу мәселесі пысықталуда. Осы жүйе арқылы жұмысқа орналастыру migration.enbek.kz порталында тіркелу арқылы жүзеге асырылады. Құжаттарды ресімдеуге, міндетті медициналық тексеруден өтуге және т.б. көмек көрсету үшін қосымша тиісті жұмысты еңбек ұтқырлығы орталықтары жүргізеді, - деді Асқарбек Ертаев орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмысқа орналасуы мүмкін екені айтылды.