Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстандықтардың зейнетақы жүйесіне сенімі бар ма?

6 Қаңтар 2026, 17:39
286
Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ коллажы

БЖЗҚ Қазақстан халқының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық сауаттылық деңгейін, зейнетақы жүйесіне деген сенімін және жинақтаушы модельге азаматтардың қатысу белсенділігін анықтау мақсатында сауалнама жүргізді. Зерттеу нәтижесін BAQ.KZ хабарлады.

Зерттеу жалпыұлттық репрезентативті сауалнама әдісімен өткізілді. Оған Қазақстанның барлық өңірінен, оның ішінде 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаладан (Астана, Алматы, Шымкент) 3000 респондент қатысты.

Сауалнамаға ауылдық және қалалық жерлерде тұратын 18 жастан асқан ересек тұрғындар қамтылды. Жалпы саны 1 473 ер адам және 1 527 әйел сұралған. Олардың ішінде жалдамалы қызметкерлер – 2031 адам (67,70%), өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 831 адам (27,70%), жұмыссыздар – 138 адам (4,60%).

Зерттеудің негізгі сауалнама бөлігі 26 сұрақтан тұрды. Мәселен, елімізде бар зейнетақы төлемдерінің түрлеріне қатысты сұраққа 1748 респондент (58,3%) Қазақстанда зейнетақы төлемдерінің екі түрі бар екенін дұрыс атап өткен. Олар – мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақылар (базалық және ынтымақты) және міндетті әрі ерікті жарналар есебінен қалыптасқан жинақтардан БЖЗҚ арқылы төленетін зейнетақы төлемдері.

«БЖЗҚ немен айналысады?» деген сұраққа 1491 респондент (49,7%) қордың міндетті және ерікті зейнетақы жарналарын жинаумен, зейнетақы жинақтарын есепке алумен, сондай-ақ жинақтар есебінен зейнетақы төлемдерін жүзеге асырумен айналысатынын дұрыс көрсеткен.

«БЖЗҚ-ға төленетін зейнетақы жарналарының қандай түрлерін білесіз?» деген сұраққа берілген жауаптар халықтың негізгі зейнетақы жарналары бойынша жалпы жақсы бағдарланғанын көрсетті. Ең танымал түрі – міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), оны респонденттердің 90,1%-ы біледі. Ал 2 413 адам (80,4%) МЗЖ мөлшері табыстың 10%-ын құрайтынын дұрыс атап өткен, - делінген хабарламада.

Қор мәліметінше, Қазақстандағы зейнет жасына қатысты білімнің нақтылығына азаматтардың жұмыспен қамтылу мәртебесі айтарлықтай әсер етеді. Жалдамалы қызметкерлер – ең хабардар топ (84,9%). Бұл олардың жұмыс берушілермен, бухгалтериямен тұрақты байланыста болуымен және ресми ақпаратты жиі алуымен түсіндіріледі. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жалдамалы қызметкерлерге қарағанда аз, бірақ жұмыссыздарға қарағанда жақсы хабардар (82,8%). Бұған қаржы құрылымдарымен тұрақсыз байланыс пен жұмыс берушінің болмауы себеп болуы мүмкін. Жұмыссыздар ең көп қателік жіберетін топ болып шықты – дұрыс жауап үлесі 79,7%.

Зерттеу нәтижесі зейнетақы жүйесіне және БЖЗҚ-ға деген сенім деңгейінің орташа оң деңгейде сақталып отырғанын көрсетті. Қор мәліметінше, азаматтардың басым бөлігі бейтарап-позитивті немесе сақтықпен сенетін ұстанымды ұстанады: яғни, ашық сенімсіздік білдірмегенімен, зейнетақы институттарына толық сенім де артпайды.

Өзгелердің жаңалығы