Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары қайда инвестицияланатыны белгілі болды

25 Қыркүйек 2026, 20:33
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 25 Қыркүйек 2026, 20:33
25 Қыркүйек 2026, 20:33
214
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстан Ұлттық Банкі мен инвестициялық портфельді басқарушылардың басқаруындағы зейнетақы жинақтарының жалпы көлемі 28,45 триллион теңгені құрады. 

ҚР ҰБ басқаруында қанша қаражат бар?

Зейнетақы жинақтарының негізгі бөлігі Ұлттық Банктің сенімгерлік басқаруында. Міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан БЖЗҚ активтері (МЗЖ, МКЗЖ және ЕЗЖ) мемлекеттік бағалы қағаздарға орналастырылып, 26,95 триллион теңгені құрады. Тағы 1,35 триллион теңге жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы активтеріне тиесілі. Ал жеке инвестициялық портфельді басқарушылардың басқаруында 151,28 миллиард теңге бар.

Зейнетақы жинақтары қайда инвестицияланады?

МЗЖ, МКЗЖ және ЕЗЖ есебінен қалыптасқан активтердің негізгі бөлігі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына орналастырылған – 43,46%. Сондай-ақ портфель құрылымында:

  • квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары – 8%;

  • ҚР ҰБ депозиттері – 3,42%;

  • екінші деңгейлі банктердің облигациялары – 2,53%;

  • қазақстандық эмитенттердің акциялары мен депозитарлық қолхаттары – 2,14%;

  • шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздары – 1,75%;

  • халықаралық қаржы ұйымдарының құралдары – 0,99%.

Активтердің тағы 37,38%-ы индекстік басқару аясында инвестицияланады.

Зейнетақы активтері қандай табыс тапты? 

Соңғы 12 айда – 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы тамызға дейін – ҚР ҰБ басқаруындағы зейнетақы активтері бойынша есептелген инвестициялық табыс шамамен 1,58 триллион теңгені құрады. Бұл кезеңдегі табыстылық 6,17%-ға тең болды.

Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан активтер бойынша соңғы 12 айдағы инвестициялық табыс 158,51 миллиард теңгені, ал табыстылық 18,65%-ды құрады.

Жеке басқарушыларға қанша қаражат берілді?

ИПБ басқаруындағы зейнетақы активтерінің көлемі 151,28 миллиард теңгені құрады. Атап айтқанда, басқарудағы қаражат көлемі:

  • Alatau City Invest – 24,12 миллиард теңге;

  • BCC Invest – 19,60 миллиард теңге;

  • Halyk Global Markets – 6,58 миллиард теңге;

  • Halyk Finance – 77,64 миллиард теңге;

  • Tansar Capital – 0,74 миллиард теңге;

  • Centras Securities – шамамен 22,60 миллиард теңге.

Бұл басқарушылардағы зейнетақы активтерінің соңғы 12 айдағы табыстылығы әртүрлі болды.

Атап айтқанда, Alatau City Invest бойынша бұл көрсеткіш 13,91%, BCC Invest – 10,95%, Halyk Global Markets – 11,30%, Halyk Finance – 11,82%, ал Centras Securities – 17,05% болды. Tansar Capital зейнетақы активтерін басқаруды 2026 жылғы 8 сәуірде бастады. Басқару басталғалы бері табыстылық 2,43%-ды құрады.

Инвестициялық портфельдердің толық құрылымы және басқарушылардың қызметі туралы ақпарат БЖЗҚ сайтында және invest.enpf.kz бірыңғай ақпараттық платформасында орналасқан.

Наверх