Қазақстандықтардың проблемалық несиесі есептен шығарыла ма?

21 Желтоқсан 2022, 11:47
4773
Бөлісу:
Қазақстандықтардың проблемалық несиесі есептен шығарыла ма?

Жақында қазақстандықтар өз қарыздарын есептен шығаруға мүмкіндік алады, бірақ бұл бәріне бірдей қолжетімді бола бермейді, деп хабарлады BAQ.KZ.

LS жазуынша, жеке тұлғалардың банкроттығы үш процедураны қарастырады: соттан тыс, сот және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.

Қаржы министрлігінде түсіндірілгендей, соттан тыс рәсім Egov-да өтеді. Қарызы 4,9 млн теңгеден аспайтын қазақстандықтар ғана өтініш бере алады. Бұдан басқа, табыстың, мүліктің болмауы не оның табыстарының сомасы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс.

Сот банкроттығына келетін болсақ, оған 4,9 млн теңгеден астам берешегі бар адамдар жүгіне алады. Сондай-ақ борышкердің мүлкі сауда-саттықта сатылады, ал түскен қаражат белгіленген кезектілікке сәйкес кредиторлар алдындағы борыштарды өтеуге жіберіледі.

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі сотта тұрақты табыс болған кезде қарыздарды төлеуге бес жылдан аспайтын мерзімге бөліп төлеу мүмкіндігін көздейді. Борышкерге көмек қаржы басқарушысымен бірлесіп көрсетіледі және сотта бекітіледі.

Сонымен қатар қазақстандық заңгер Дәулет Әбжанов жаңа заңға қатысты өз алаңдаушылығын білдірді. Оның айтуынша, қарыз алушылар заңды өз міндеттемелерін орындаудан жалтару құралы ретінде қолдана бастайды.

Сонымен қатар жоба несие берушілер арасындағы теңсіздікке жол береді. Мәселен, соттан тыс рәсім тек банктердің, микроқаржы ұйымдардың және коллекторлық агенттіктердің берешектерін қарастырады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметтері бойынша, 2022 жылдың 1 қарашасында 90 күннен астам мерзімі өткен жеке тұлғалардың несиелері 471 млрд теңгені құрады. Тарихы бұзылған несиелердің үлесі 3,5%-дан 3,8%-ға дейін өсті. Алайда, көрсеткіш әлі де жеткілікті төмен деңгейде қалып отыр.

Өзгелердің жаңалығы