Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен Республикалық үшжақты комиссияның кезекті отырысында Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының 2030 жылға дейінгі жобасы қарастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Отырысқа орталық және жергілікті органдар, кәсіподақ ұйымы және қоғамдық бірлестіктер, жұмыс беруші мен жұмысшылар конфедерациясының өкілдері қатысты.
Аталған тұжырымдама кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігін бағалау тәртібін өзгертуді көздейді. Яғни, әр жұмыс орнындағы тәуекелдерге назар аударылмақ. Осылайша, жұмыс беруші мен еңбек инспекциясына тәуекелі жоғары аумақтарға мән беріп, тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік беріледі.
Одан бөлек Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге көрсетілетін әлеуметтік қолдауға байланысты негізгі жаңашылдықтарымен бөлісті. Оған сәйкес жасы 55-тен асқан, міндетті зейнетақы жарналарын 7 жыл бойы аударып отырғандарға арнайы төлем енгізу қарастырылады. Қажетті қаражат мемлекеттік бюджет, БЖЗҚ, өмірді сақтандыру компаниялары мен жұмыс беруші тарапынан берілмек.
Сонымен қатар отырыста кәсіпорындардағы қазіргі жағдай бойынша мәлімет берілді. Осы орайда өңірлік үшжақты комиссиялар, жұмыс беруші мен жұмысшылардың мүдделерін қорғаушылардың қызметіне қатысты сын айтылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне өңірлердегі әріптестерімен еңбек дауларының алдын алу әдістемесіне қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізу тапсырылды.