2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша қазақстандықтардың банктердегі салымдарының көлемі 30,67 трлн теңгеге жетті. Бір жыл ішінде халықтың депозиттегі қаражаты 4,21 трлн теңгеге немесе 15,9%-ға өскен, деп хабарлайды BAQ.KZ Ranking.kz-ке сілтеме жасап.
Салымдардың 99,6%-ы депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктерге тиесілі.
Әсіресе ұлттық валютадағы жинақ көлемі айтарлықтай артқан. Бір жылда теңгедегі депозиттер 22,8%-ға өсіп, 25,1 трлн теңгеге жетті. Олардың депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердегі халық салымдарының жалпы көлеміндегі үлесі 82,1%-ды құрады.
Ал шетел валютасындағы салымдар 476,4 млрд теңгеге немесе 8%-ға азайып, 5,45 трлн теңгені құрады. Бір жыл ішінде олардың үлесі 22,5%-дан 17,9%-ға дейін төмендеген.
Ұлттық валютадағы мерзімді және жинақ салымдарының көлемі де өскен. 1 қазанда олардың көлемі 22,68 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,56 трлн теңгеге немесе 25,1%-ға көп.
Оның ішінде қысқа мерзімді салымдардың көлемі 14,04 трлн теңгені құрап, бір жылда 38,6%-ға артқан. Ал бір жылдан астам мерзімге орналастырылған салымдар 8,1%-ға өсіп, 8,64 трлн теңгеге жетті.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 2026 жылдың үшінші тоқсанындағы жеке тұлғалар депозиттері нарығына жасаған шолуында шетел валютасындағы салымдар көлемінің теңгемен есептегенде азаюын негізінен ұлттық валютаның нығаюымен байланыстырды.
Қор мамандарының мәліметінше, валюталық депозиттердің үлесі екі фактордың – валюта бағамының өзгеруіне байланысты қайта бағалау мен теңгедегі салымдар көлемінің өсуі нәтижесінде тарихи ең төменгі деңгейге жеткен.
Сондай-ақ инфляцияның баяулауы аясында теңгедегі депозиттер өзінің тартымдылығын сақтап отыр.