Қазақстандықтар зейнетақыға 28,35 трлн теңге жинады

24 Тамыз 2026, 20:39
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 24 Тамыз 2026, 20:39
24 Тамыз 2026, 20:39
267
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары өсіп келеді. 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша олардың жалпы көлемі 28,35 трлн теңгеге жетті. БЖЗҚ  хабарлағандай, бір жыл ішінде бұл сома 3,5 трлн теңгеге немесе 14,1%-ға өскен.

Жинақтардың негізгі бөлігі – 26,31 трлн теңге міндетті зейнетақы жарналарына тиесілі. Соңғы 12 айда олардың көлемі 11,4%-ға өсті.

Тағы 751,56 млрд теңге міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен жинақталды. Ерікті зейнетақы жинақтары 10,41 млрд теңгеге жетті.

2024 жылдың қаңтарынан бастап түсе бастаған жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары есебіндегі жинақтар ерекше қарқынмен өсті. 1 тамыздағы жағдай бойынша олардың көлемі 1,27 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп.

2026 жылдың алғашқы жеті айында қазақстандықтардың зейнетақы шоттарына 2,1 трлн теңгеден астам жарна түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,7%-ға артық.

Жарналардан бөлек, жинақтар зейнетақы активтерін инвестициялау арқасында ұлғайып жатыр. Жыл басынан бері таза инвестициялық табыс 1,23 трлн теңгені құрады.

Бұл ретте қаңтар-шілде айларында БЖЗҚ-дан 1,08 трлн теңгеден астам қаражат төленіп, сақтандыру ұйымдарына аударылды. Жас бойынша төлемдерге шамен 171 млрд теңге бағытталды. Зейнеткерлік жасқа толғандар үшін БЖЗҚ-дан берілетін орташа ай сайынғы төлем мөлшері 38 993 теңгені құрады.

Тағы 435,2 млрд теңгені қазақстандықтар тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге жұмсады. Мұрагерлік бойынша 63,06 млрд теңге төленді, ал Қазақстаннан тыс жерлерге тұрғылықты жер ауыстыруға байланысты 28,13 млрд теңге аударылды.

1 тамыздағы жағдай бойынша БЖЗҚ-да 18,89 млн зейнетақы шоты есепке алынды, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 1,12 млн-ға артық. Оның ішінде 12,84 млн-ы – жеке зейнетақы шоттары, ал 6,06 млн-ы – жұмыс берушілердің міндетті жарналары есепке алынатын шартты шоттар.

Наверх