Астанада Парламентаризм институтының құрылғанына бес жыл толуына арналған Еуразиялық форум өтіп жатыр. Форум барысында Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева Мәжілістің заң шығару қызметіндегі ашықтық пен цифрландыру бағытындағы нақты қадамдары туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, қазірдің өзінде азаматтардың заң жобаларын әзірлеуге қатысуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктер іске қосылған.
Қазір Мәжілістің ресми сайтында “Заң жобаларына ұсыныстар” модулі жұмыс істеп тұр. Бұл арқылы азаматтар өз бастамаларын заң жобалары бойынша жұмыс топтарының құрамындағы депутаттарға тікелей жолдай алады, – деді Дания Еспаева.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда Мәжіліс депутаттары заң шығару бастамасы құқығын белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Қазіргі шақырылымда депутаттар 116 заң жобасын бастамашылық еткен. Бұл Парламент қарауындағы 358 заң жобасының үштен бірін құрайды. Соның ішінде 64 депутаттық бастама қабылданып, Президенттің қол қоюымен заңды күшіне енген.
Мәжіліс төрағасының орынбасары сапалы заң қабылдау үшін қоғам пікірінің маңызы ерекше екенін атап өтті.
Негізделген әрі сапалы заңнамалық шешімдер қабылдау үшін қоғамның қажеттілігін зерттеу, қазіргі жағдайды талдау және азаматтардың пікірін ескеру аса маңызды, – деді ол.
Осы тұрғыда Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Парламентаризм институтының рөлі айрықша. Дания Еспаеваның айтуынша, Мәжіліс Институттың сараптамалық жұмысы мен депутаттық корпуспен қалыптасқан тиімді ынтымақтастықты жоғары бағалайды. Сараптамалық зерттеулер мен құқықтық актілерді талдау қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға ықпал етіп отыр.
Форумда сондай-ақ цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы және Парламент қызметін жаңғырту мәселесі сөз болды. Президенттің қыркүйек айындағы Жолдауында Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндеті қойылғаны айтылды.
Парламент бұл стратегиялық бастаманы заңнамалық тұрғыда қолдады. Осы сессияда “Жасанды интеллект туралы” заң мен Цифрлық кодекс қабылданды, – деді Мәжіліс төрағасының орынбасары.
Бұл заңдар цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектке негізделген жаңа қоғамдық қатынастардың құқықтық негізін қалыптастырады. Сонымен қатар парламентарийлер заң шығару үдерісінің тиімділігін арттыру үшін осы мүмкіндіктерді өз жұмыстарына енгізе бастады.
Қазірдің өзінде біз Парламенттің цифрлық моделіне көшу жұмыстарын бастадық. Бірыңғай “e-Parlament” ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр, – деді Дания Еспаева.
Бұл кешенді цифрлық жүйе парламенттік заң шығару үдерістерін автоматтандыруға арналған. Жоба бастапқы кезеңде болғанымен, болашақта барлық ішкі парламенттік процестерді оңтайландырып, Электрондық үкімет платформаларымен интеграцияланады.