Қазақстандықтар вакцинадан не себепті қорқады? Дәрігер жауап берді

10 Қараша 2023, 16:20
489
Бөлісу:
Қазақстандықтар вакцинадан не себепті қорқады? Дәрігер жауап берді
Фото: BAQ.KZ - архив

Қазақстандықтар өзіне және балаларына екпе салдырудан неге қорқады? Бұл сұраққа ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Вакцина бұл қызылшаға ғана байланысты емес, вакцинамен басқарылатын инфекциялардың барлығына қатысты дүние. Қазіргі кезде елімізде вакцинамен басқарылатын инфекциялардың қатарына 20 инфекция кіріп отыр, - деді маман.

Оның сөзінше, адамдар бұл инфекциялардың қаншалықты қауіпті екенін және науқастанған жағдайда қандай асқыну болатынын ұмытып қалғандықтан көбіне жеке нанымы бойынша вакцинадан бас тартады. Бұл вакцинадан бас тартатындардың жалпы санының 50 пайызы.

Тағы да діни наным бойынша бас тартатындар да бар. Яғни кейбір дін ағымдары (жанама ағымдарды ұстанатындар) бағытындағы адамдар діни көзқарасына байланысты вакцинадан бас тартып отыр. Соңғы жылдары интернет, әлеуметтік желілерде вакцинацияның теріс әсері туралы жалған ақпараттар көптеп таралып жүр, - деп айтты Нұршай Әзімбаева.

Басқарма басшысы осындай жалған ақпараттарға сеніп, вакцинадан бас тартатындар да бар екені жетерлік екенін айтты. Оның сөзінше, вакцинадан бас тартатындар саны пандемиядан кейін, яғни 2020 жылдан бастап көбейген.

Өзгелердің жаңалығы