Қазақстандықтар Қатар мемлекетінде заңды түрде жұмыс істей алады. Олардың ай-сайынғы табысы 1500 бен 3000 доллар аралығында болады. Кеше Сенаторлар отандастарымызды Қатар еліне жұмысқа орналастыруды реттейтін келісімді ратификациялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы әуелі Almaty.tv. жазды.
Бүгінде шекара асып, табыс тауып жүрген қазақстандықтардың саны 120 мыңнан асады. Олардың басым көпшілігі, яғни 102 мыңы Ресейде жүрсе, 15 мың жерлесіміз Оңтүстік Кореяда еңбек етеді. Ал Ұлыбритания мен Еуропа одағы елдерінде 2 мыңға жуық азаматымыз нәпақасын тауып жүр. Бұл – Еңбек министрінің бірінші орынбасары келтірген дерек. Тізімде Қатар да бар. Қазірдің өзінде аталған елде 800-ден астам қазақстандық тер төгіп жүр. Енді келесі жылдан жерлестеріміз Таяу Шығыстағы ең бай ел болып саналатын мемлекеттің мұнай-газ саласында ресми түрде еңбек етуге барады.
Бірақ Қатар елі жыл сайын Қазақстанға квота бөліп, адамдарды қабылдайды. Квота 1000 адамға бөлінуі мүмкін. Жұмыс істегісі келетін адамдарды жинап, дайындайдап, үйретеміз. Қатарда заңын, тәртібін түсіндіріп, оқытып, Қатар еліне жібереміз, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев.
Еңбек министрлігі «Қатарға жұмыс істеуге барамын» дейтін азаматтарды алдымен оқытып алмақ. Былтыр Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстарында техникалық мамандар дайындайтын орталық іске қосылған. Ол жерде азаматтар түрлі даярлықтан өтіп, тіл үйреніп, денсаулығын да тексерте алады. Бастысы, білім алу тегін.
Онда 20 шақты мамандық бар. Бірақ егер Қатар елінде басқа да мамандықтарға сұраныс болып жатса, колледждермен алдына ала келісіп қойдық. Сол мамандарды дайындап, сол елге жіберу үшін, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев.
Қатар тарапының жұмысқа барған қазақстандықтардың алдында өз міндеттері бар. Мәселен, компания мен жұмыскер арасында еңбек шарты жасалып, ол екі елдің министрліктері мен елшіліктерінде тіркелуі керек. Сондай-ақ жұмыс беруші қызметкерін тұрғын үймен қамтамасыз етіп, жұмысқа қатынауға тегін көлік беруге міндетті. Еңбек демалысымен, медициналық қызметпен қамту да тікелей жұмыс берушіге жүктеліп отыр. Одан бөлек, компанияның еңбек шартындағы ережелерге қандай да бір өзгерістер енгізуге құқығы жоқ.
Қаралған келісім Қазақстан азаматтарының Қатар мемлекетінде жұмысқа орналасу барысында құқықтық негіз қалыптастыру үшін әзірленген. Осы мақсатпен тараптар арасында туындайтын қатынастар жан-жақты реттеліп отыр. Заң Қатар мемлекетінде жұмыс істейтін азаматтардың құқығын толық қамтамасыз етуге үлесін қосады деп сенеміз, – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Еңбек министрінің бірінші орынбасары қазақстандықтар Қатарда 3 жыл еңбек ете алады деп отыр. Десе де, жұмыс берушінің сұранысына сай келісімшарт бір немесе екі жылға жасалуы да мүмкін. Ал жерлестеріміздің ай-сайынғы табысы жұмыстың ауырлығына қарай 1500 бен 3000 доллар аралығында болады.