Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жаңа Салық кодексіне қандай өзгерістер енгізілгенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың сөзінше, бұл ұсыныстардың тек бір бөлігі ғана.
1. Құмар ойындарға салынатын салықты көбейту
Құмар ойын бизнесі, әсіресе букмекерлік кеңселер, айтарлықтай қаржылық әлеуетке ие. Қазіргі Салық кодексі жобасында салық мөлшері 10% деңгейінде қарастырылған. Иә, бұл қазіргі деңгейден бірнеше есе жоғары, бірақ біз оны екі есеге арттырып, 20%-ға дейін көтеруді ұсындық. Бұл бюджетке қосымша жүздеген миллиард теңге түсім әкелуі мүмкін.
2. Банктер үшін КТС мөлшерлемесін арттыру
Үкімет жобасында банктер үшін корпоративті табыс салығы (КТС) 25% деңгейінде белгіленген. Бірақ біз бұл мөлшерлемені 30%-ға дейін көтеруді ұсындық. Бұл әділ шара, себебі банк секторының пайдасы өте жоғары. Әсіресе, қаржылық қызметтердің қымбаттауы мен дивидендтердің бірнеше есе өсуін ескерсек. Бұл бюджетке қосымша табыс әкеледі.
3. Алкоголь және трансмайларға акциз енгізу.
Алкоголь. Алкогольдік өнімдер бірінші қажеттілікке жатпайтын тауар болғандықтан, оған акциздерді арттыру қисынды деп санаймыз.
Трансмайлар — арзан, бірақ өте зиянды, канцерогендік заттар. Оларды тамақ өнеркәсібінде кеңінен қолданады. Көптеген Еуропа елдерінің тәжірибесін ескере отырып, біз трансмайларға акциз енгізуді ұсындық. Бұл олардың қолданылуын азайтуға және өндірушілерді табиғи майларға көшуге ынталандыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл бюджетке қосымша табыс әкеледі.
4. Дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтерге ҚҚС (НДС) енгізуге қарсы түзету
Дәрі-дәрмектерге ҚҚС (НДС) енгізу дұрыс емес, себебі бұл ең осал топтарға — зейнеткерлерге, балаларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға тікелей әсер етеді. Олай болса, дәрі-дәрмектер бағасы айтарлықтай қымбаттайды. Біз дәрі-дәрмектерді ҚҚС-тан босатуды көздейтін қолданыстағы норманы сақтап қалуды ұсындық.
ҚҚС енгізу азаматтар үшін, әсіресе зейнеткерлер мен мүгедектер үшін емдеу құнын арттырады. Бұл жағдай қолжетімділігі шектеулі медициналық қызметтерді одан әрі қиындатады. Сонымен қатар, біз медициналық қызметтер үшін КТС мөлшерлемесін төмендетуді ұсындық (қолданыстағы кодексте олар КТС төлемейді).
5. Банк операцияларына ҚҚС (НДС) енгізуді болдырмау
Үкіметтің банктік аударымдар мен басқа да банк операцияларына ҚҚС енгізу ұсынысы ақылға қонымсыз. Қазірдің өзінде банктер арасындағы аударымдар құны, ҚҚС енгізіледі деген болжаммен, өсіп жатыр (мысалы, Халық банктің картасынан басқа банктерге аударым 150 теңгеден 200 теңгеге дейін қымбаттады). ҚҚС қосылса, бұл банктердің емес, қарапайым азаматтардың шығындарын одан әрі арттырады. Біз бұл норманы қабылдамауды және негізгі қаржылық қызметтердің бағасының өсуіне жол бермеуді ұсындық.
6.Эндаумент қорларына қатысты түзетулер
Эндаумент қорлары әлеуметтік және білім беру саласындағы ұзақ мерзімді жобаларды қаржыландыруда маңызды рөл атқарады. Біз қайырымдылыққа жұмсалған сомаларды салықтан босатуды ұсындық. Бұл азаматтар мен компанияларды қайырымдылыққа қатысуға ынталандырады.
7. B2B мәмілелеріне арнайы салық режимі бойынша мөлшерлемені өзгертпеу
Біз мөлшерлемені 12%-дан 8%-ға дейін төмендетуді ұсындық. Бұл мәселе бизнестің пікірталастарында, соның ішінде Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның мүшелерімен кездесулерде жиі көтерілді.
Салықты көбейту шығындар құрылымын қайта қараусыз мүмкін емес. Егер бюджет кірісімен байланысты проблемалар айқын болса, басымдыққа ие емес шығындарды оңтайландыру логикалық қадам болады. Мемлекет басшысы бұл туралы бұған дейін де тапсырма берген. Мемлекеттік органдарға әкімшілік ғимараттар салу, үлкен стадиондар мен концерт залдарын тұрғызу, имидждік шаралар мен форумдар өткізу шығындарын қысқарту қажет, - деп жазды Мәжіліс депутаты.