Қазақстандықтар өлім жазасын Конституциядан түпкілікті алып тастай алады

30 Сәуір 2022, 10:00
1905
Бөлісу:
Қазақстандықтар өлім жазасын Конституциядан түпкілікті алып тастай алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Айдана Акесина мәлімдеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Конституциясына түзетулер енгізу бойынша референдум өткізу туралы ұсыныс айтты. Сонымен қатар наурыздағы жолдауында айтылған саяси реформалар бағдарламасы 33 конституциялық түзетуді білдіреді. Конституциялық референдум, тікелей демократияның құралы ретінде біздің елде 1995 жылғы жаңа Конституция қабылданғанға дейін бір рет қолданылғанын атап өткен жөн. 2022 жылы, 27 жыл өткеннен кейін ел азаматтары елдің Ата заңына енгізілетін маңызды өзгерістер үшін дауыс беру мүмкіндігіне ие болады, - деп атап өтті институттың ғылыми қызметкері. 

Сонымен қатар ол референдумдар өткізу халықтан дауыс беруге қойылған мәселе туралы терең хабардар болуды талап ететіндігін алға тартты. Сондықтан ұсынылған түзетулердің әрқайсысы бойынша көлемді түсіндіру жұмысын жүргізу билік органдары мен сарапшылар қоғамдастығы үшін басты міндет болады деп отыр. 

Конституцияға түзетулер билікті қайта бөлу, президенттің өкілеттігі, сайлау жүйесі, елдің жаңа әкімшілік-аумақтық бөлінісі сияқты іргелі мемлекеттік мәселелер бойынша енгізіледі. Жаңа түзетулер, басқаларымен қатар, Қазақстанның өлім жазасынан бас тартуын түпкілікті бекітетінін атап өту қажет. Конституцияның қазіргі редакциясында 15-бап өлім жазасына тарту адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін көзделген, ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш беру құқығы қолданылатын ең ауыр жаза, - деді Айдана Акесина. 

Оның айтуынша, 2021 жылы Қазақстан өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің Екінші факультативтік хаттамасын ратификациялады.

Конституцияға енгізілетін қазіргі түзетулер осы ең жоғары жазадан бас тарту рәсіміндегі ақырғы нүкте болады. Елдің Ата заңына түзетулер енгізу жөніндегі референдумның зор тарихи маңызы бар. Бұл ретте саяси мәдениет деңгейін арттыру және басқару процестеріне қатысу қоғам үшін қосымша артықшылыққа ие, - дейді спикер. 

Өзгелердің жаңалығы