Қазақстандықтар бір айда 65,6 келі алтын сатып алды

23 Шілде 2022, 07:27
1625
Бөлісу:
Қазақстандықтар бір айда 65,6 келі алтын сатып алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2022 жылдың маусым айында екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пунктері жалпы салмағы 65,6 келі 2 194 алтын құйма сатты.

Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық банк 2017 жылы іске қосқан. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 3,26 тоннаға жуық 96 739 алтын құйма сатылған.

Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі – 26 %, яғни, 25 000 дана.

Одан кейін 20 грамдық құйма сұранысқа ие, 21 048 дана (22%) сатылған. 5 грамдық құймадан 19 932 дана (21%), 100 грамдық құймадан 19 017 дана (19%), 50 грамдық құймадан 11 742 дана (12%) сатылды.

Алтын құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында көп сатылады. Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады.

Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады. Бағдарлама басталғаннан бері екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес пунктер жалпы салмағы 360 келі 14 686 алтын құйманы кері сатып алған, бұл – жалпы сатылған алтын құймалардың 15%-ы. Олар кері сатып алған алтын құймалардың барлығы дерлік Ұлттық банктің филиалдары арқылы халыққа сатылады.

Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және жиегі бар) және арнайы қорапқа салынып шығады, сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорап, сондай-ақ сапа сертификаты болып саналады. Сондықтан, алтын құйманы ұқыпты сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береміз.

Қазір алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық Банк, Jusan Bank, ЦентрКредит Банкі, сондай-ақ жекелеген банктік емес пунктерден сатып алып, кері сатуға болады.

Өзгелердің жаңалығы