Таиланд астанасы Бангкокта жүзуден өткен жас санатындағы Азия чемпионаты мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы жарысты 16 медальмен аяқтады.
Чемпионаттың соңғы жарыс күнінде Анатолий Руденко 50 метрге брасс әдісімен жүзуде топ жарып, Қазақстан қоржынына алтын медаль салды. Оның жеңісіне орай елдің мемлекеттік әнұраны шырқалды.
Сонымен қатар Александр Мироничев 50 метрге еркін стильде жүзуден күміс жүлдеге ие болды. Данил Чужинов 400 метрге кешенді жүзуде қола медаль жеңіп алды.
Бұдан бөлек, Қазақстан құрамасы аралас эстафетада (микст) жоғары нәтиже көрсетіп, күміс медаль еншіледі.
Жалпы, қазақстандық жүзушілер Азия чемпионатын 16 жүлдемен қорытындылады. Оның ішінде 6 алтын, 7 күміс және 3 қола медаль бар.