Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жас ғалымы, биотехнолог Жадырасын Нұрбекова тың жаңалық ашты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ол өсімдіктердің қартаюын бәсеңдететін ген қасиетін тапқан.
Ғалым 5 жыл бойы Arabidopsis thaliana өсімдігіне эксперименталдық зерттеулер жүргізген. Оның арқасында Альдегид оксидаза 3 генінің жаңа қасиеті анықталып, өсімдіктің өмірін ұзартуға мүмкіндік туып отыр. Олардың мерзімі стресттік жағдайларға байланысты өзгереді. Мәселен, өсімдіктердің өмірі 20 күнге немесе 1 айға ұзартылуы мүмкін екен. Ғалымның ашқан бұл жаңалығы еліміздің аграрлық саласын дамытуға септігін тигізеді деп ойлаймын. ЕҰУ жас ғалымының ғылыми жаңалығы өсімдіктер туралы үздік 10 журналдың қатарына енген «The plant journal» басылымында жарияланды. Сонымен қатар, бұл журнал халықаралық Scopus және Web of Science деректер қорына енгізілген, - деп жазды Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Жадырасын Нұрбекова ЕҰУ-да бакалавриат пен магистратурада «Биотехнология» бағыты бойынша білім алған. Одан кейін жас ғалым оқуы мен ғылыми қызметін Израильде жалғастырды. Ол Бен-Гурион университетінде 7 жыл докторантура мен постдокторантурада оқыды. Биыл жас ғалым өзінің альма-матеріне оралып, студенттермен зерттеу тәжірибесімен бөлісуде.