Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстандық жас ғалым диабетті емдейтін сусынды анықтады

Бүгiн, 11:32
216
Бөлісу:
 Ғылым және жоғары білім министрлігі
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қызмет ететін аға оқытушы, жас ғалым Айжамал Байсейітова цикорий өсімдігін терең зерттеп, оның қант диабетіне қарсы әсері бар екенін ғылыми негізде дәлелдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді.

Зерттеу нәтижелері цикорий құрамындағы биологиялық белсенді компоненттердің қандағы қант мөлшерін азайтуға және зат алмасу үдерістерін реттеуге оң ықпал ететінін көрсетті. Сонымен бірге бұл өсімдіктің адам ағзасында стресс салдарынан пайда болатын бос радикалдарға қарсы антиоксиданттық белсенділігі бар екені анықталған. Мұның өзі цикорийдің денсаулықты сақтаудағы мүмкіндігі жоғары екенін аңғартады.

Ғалымның айтуынша, аталған ғылыми жұмыс аясында қазіргі уақытқа дейін халықаралық ғылыми басылымдарда екі мақала жарық көрген.

Біздің негізгі мақсатымыз – емдік қасиеті бар өсімдіктерді пайдалана отырып, адам ағзасында жиі кездесетін ауруларға қарсы биологиялық белсенді қоспалар әзірлеу. Қазір цикорийдің фитохимиялық және фармакологиялық сипаттарын зерттеп жатырмыз. Осы уақытқа дейін оның диабетке және стресске қарсы әсері анықталды. Алдағы кезеңде вирустар мен бактерияларға, соның ішінде тұмауға қарсы ықпалын зерттеуді жоспарлап отырмыз, – дейді жас ғалым.

Бұл инновациялық жоба бойынша ҚазҰУ ғалымдары патентке ие болған. Болашақта цикорий негізінде дайындалған өнімдерді биологиялық белсенді қоспа және емдік шай ретінде шығарып, отандық нарыққа ұсыну көзделіп отыр.

Айжамал Байсейітова әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Химия және химиялық технология факультетінде дәріс оқиды. Сонымен қатар университет жанындағы Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығында еңбек етеді. Ол Оңтүстік Кореяның Кёнсан ұлттық университетінде магистратура мен докторантураны тәмамдап, докторлық дәрежесін қорғаған.

Өзгелердің жаңалығы