Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранттарды ұсыну жөніндегі 2022 жылғы конкурстың қорытындылары белгілі болды.
Биыл Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша азаматтық қоғамды, жастар-отбасы саясатын, сондай-ақ қоғамдағы діни қызмет саласын дамытуға бағытталған жалпыұлттық жобаларды 44 ҮЕҰ жүзеге асыратын болады.
«Ашықтық және транспаренттілік мәселелері – Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы қызметінің басты қағидаттары. Бұл мәселелерге біз конкурстың барлық кезеңдерінде және жобаларды іске асыру кезінде ерекше көңіл бөлеміз. Осылайша, сараптамалық комиссияны құру және өтінімдерді бөлу процесстері кездейсоқ сандар рандомайзерінің көмегімен жүргізілді. Сарапшыларды іріктеу Орталықтың Facebook-тегі парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.
Біз биыл грант алушылардың жобаны тікелей эфирде таныстыру тәжірибесін жалғастыратын боламыз. Сонымен қатар, біз сараптама комиссияның мүшелерін жобаларды мониторингілеу шараларына тартуды жоспарлап отырмыз, - деді Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы басқарма төрағасының м.а. Ғалым Құрман.
Оның айтуына қарағанда, биыл іске асырылатын жобалар азаматтық қоғамның дамуына оң серпін бермек.
Жобалардың барлығы дерлік жұмыспен қамту, қызмет көрсету сапасын жақсарту, еріктілердің жұмысы, халықты мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттандыру сияқты маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған. Жалпы, мемлекеттік гранттар аясындағы жобалармен 3 миллионнан астам қазақстандық қамтылады деп жоспарлануда, - деді Ғалым Құрман.
Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранттарды ұсыну жөніндегі 2022 жылғы конкурстың қорытындылары Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы ресми сайтында «Гранттар» бөлімінде қолжетімді.
Еске салайық, биыл Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мемлекеттік гранттарды 53 тақырып бойынша ұсынып отыр. Гранттық жобалар түрлі әлеуметтік салалардағы адам құқықтарын, балаларды қорғау, гендерлік теңдікті дамыту, білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған орта, ұлттық бірлікті ілгерілету сияқты 15 бағытты қамтиды.