Қазақстандық теннисші Анна Данилина Индиан-Уэллс турнирінің күміс жүлдегері атанды

Спортшы турнирдің ақтық сынында бақ сынады.

 Қазақстан теннис федерациясы Кеше 2026, 14:51
Кеше 2026, 14:51
125
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Әйелдер арасындағы жұптық сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өткен WTA 1000 санатындағы турнирдің финалында өнер көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл жарыста Данилина сербиялық Александра Круничпен жұптасып ойнады. Қазақстан-сербия дуэті «мыңдық» турнирінде бесінші нөмірмен тіркелген болатын. Финалда олар үшінші нөмірлі жұп – чехиялық Катерина Синякова мен америкалық Тэйлор Таунсендке қарсы кортқа шықты.

Кездесу екі сетке созылып, Анна мен Александра 6:7 (4:7), 4:6 есебімен жеңіліс тапты.

Теннисшілер кортта 1 сағат 36 минут өткізді. Осы уақыт ішінде Данилина мен Крунич бір эйс жасап, бірде-бір қос қателік жіберген жоқ және үш брейк-пойнттың біреуін тиімді пайдаланды.

Әлемдік рейтинг жаңартылғаннан кейін қазақстандық теннисші алтыншы орыннан төртінші орынға көтеріледі. Бұл –  оның мансабындағы ең жоғары көрсеткіш.

Наверх