Қазақстандық тауарды қаралау кімге тиімді? Сарапшылар отандық брендті қорғау жолын айтты

Ақпараттық шабуылдың артында бәсекелестік тұруы мүмкін.

 ©BAQ.KZ коллажы 4 Тамыз 2026, 17:26
4 Тамыз 2026, 17:26
372
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында сауда желілерін қазақстандық өнімге басымдық беруге шақырып, отандық тауарларға қарсы қасақана ақпараттық науқандардың кездесетінін айтты. Үкімет басшысы «Қазақстанда жасалған» брендін ілгерілету және отандық өндірушілерді негізсіз ақпараттық шабуылдардан қорғау жөнінде тапсырма берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Сарапшылардың пікірінше, қазақстандық өнімді қолдау тек өндірушілердің емес, мемлекеттің, бизнестің және тұтынушылардың ортақ міндетіне айналуға тиіс.

Ақпараттық шабуылдың артында бәсекелестік тұруы мүмкін

Сарапшы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, отандық өндірістің дамуы елдің экономикалық болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан қазақстандық тауарларды дәлелсіз қаралау отандық бизнеске ғана емес, тұтас экономикаға зиян келтіреді.

Ол жақында «Қазақстан» шоколадына қатысты тараған ақпаратты мысалға келтірді.

«Ең ұсақ детальдар талқыланып, бірнеше адам арқылы жеткен субъективті пікірлер қоғамға нақты жағдай ретінде ұсынылды. Кейін арнайы тексеру жүргізіліп, өнімнен ешқандай заңбұзушылық анықталған жоқ. Алайда қоғамда жағымсыз әсер қалып қойды», – деді сарапшы.

Ғазиз Әбішевтің пікірінше, Премьер-министр Үкімет отырысында дәл осы жағдайды меңзеуі мүмкін.

Ол болған оқиға кездейсоқ жағдай ма, әлде отандық брендке қарсы әдейі ұйымдастырылған қара пиар ма – соны тереңірек зерттеу қажет деп санайды.

«Мемлекет салық төлейтін, жұмыс орындарын ашатын және ішкі нарықты өніммен қамтамасыз ететін өз өндірушілерін қорғауға тиіс», – деді Ғазиз Әбішев.

Қазақстандық тауар дүкен сөресіне жетуде қиындыққа тап болады

Экономикалық зерттеулер институты Басқарма төрағасының орынбасары Қайсар Нығметов «Қазақстанда жасалған» белгісін ұлттық сапа брендіне айналдыру бастамасын қолдайтынын айтты.

Оның сөзінше, импорттық тауарды автоматты түрде сапалы деп қабылдайтын көзқарас біртіндеп өзгеріп келеді. Қазір көптеген қазақстандық кәсіпорын ішкі нарықта бәсекеге түсіп қана қоймай, өнімдерін шетелге де экспорттап отыр.

Алайда отандық өнімнің Қазақстандағы дүкен сөрелеріне шығуы әлі де күрделі.

«Өндірушілер ірі сауда желілерімен жұмыс істеу кезінде қиын шарттарға тап болады. Соның салдарынан сапалы қазақстандық тауар сатып алушыға қолжетімсіз болып қалады. Отандық өнім сапасына байланысты емес, оған бастапқыдан тиімсіз жағдай жасалғандықтан ұтылмауға тиіс», – деді Қайсар Нығметов.

Сарапшы тұтынушының таңдау құқығы мен адал бәсекелестік сақталуы қажет екенін атап өтті. Сонымен бірге қазақстандық брендтерге де әділ жағдай жасалуға тиіс.

Оның пікірінше, отандық өнімді сатып алу арқылы азаматтар жұмыс орындарын, кәсіпкерлікті және ел экономикасын қолдайды.

Жақсы өнімнің өзі дұрыс таныстырылуы керек

«ЭКО-DUMP» ЖШС директоры Мариям Әбішева қазақстандық кәсіпорындардың өндіріс көлемін көбейтумен шектелмей, мықты бренд қалыптастыруы маңызды екенін айтты.

Оның сөзінше, бренд тек атау немесе логотип емес. Ол – өндірушінің беделі, тұрақты сапасы, жауапкершілігі және сатып алушының сенімі.

«Көптеген кәсіпорын бәсекеге қабілетті өнім шығара алады. Бірақ жақсы өнімнің өзін нарыққа дұрыс таныстыру қажет. Өндірушілерге тауарын ілгерілетуге, жаңа нарықтарға шығуға, сату географиясын кеңейтуге және тұтынушы сенімін нығайтуға көмектесу керек», – деді кәсіпкер.

Ол «Қазақстанда жасалған» белгісі сапаның танымал нышанына айналса, оның нәтижесі бүкіл экономикаға оң әсер ететінін жеткізді.

Мариям Әбішеваның айтуынша, мықты ұлттық брендтер елдің халықаралық беделінің де бір бөлігіне айналады.
Белгі ғана емес, сапа кепілі болуы қажет

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің аға оқытушысы Светлана Мусина «Қазақстанда жасалған» брендінің мемлекеттік экономикалық саясаттың маңызды құралына айналып келе жатқанын атап өтті.

Оның пікірінше, брендтің тиімділігі тауардың шыққан елін көрсететін таңбамен ғана өлшенбейді. Ең бастысы – өндірушілердің өнім сапасын қамтамасыз етуі және белгіленген талаптарды сақтауы.

«“Қазақстанда жасалған” бренді отандық өнімге деген сұранысты арттырып, өндірісті кеңейтуге ықпал ете алады. Сонымен қатар қазақстандық тауарлардың ішкі және сыртқы нарықтағы тартымдылығын күшейтеді», – деді Светлана Мусина.

Алайда мұндай нәтижеге жету үшін мемлекет бизнесті жүйелі түрде қолдап, өндірістік әлеуетті дамытуы және әділ бәсекелестік ортасын қалыптастыруы керек.

Сарапшының пікірінше, қуатты ұлттық бренд ұзақ мерзімді кезеңде экономиканы әртараптандыруға, өнімнің қосылған құнын арттыруға және ел экономикасын нығайтуға мүмкіндік береді.

Наверх