Қазақ ұлттық хореография академиясының студенттері Қытайда өнер көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бейжіңде "Бір белдеу-бір жол"халықаралық ынтымақтастығының 10 жылдығын мерекелеу өтті.
Іс-шара аясында Қазақ ұлттық хореография академиясының студенттері Қытай астанасында Д.Россини-Б. Бриттеннің музыкасына қойылған классикалық "Шутка" нөмірімен және "TURAN" фольклорлық-этнографиялық ансамблінің орындауындағы Дәулеткерейдің әйгілі "Кероглы" күйіне қойылған "Жастар"хореографиялық композициясымен өнер көрсетті.
Сондай-ақ, қазақстандық студенттер 1 қарашада Бейжіңде өткен BDA-Dance Forum би форумына қатысты. Ол 2019 жылдан бастап Бейжің би Академиясының алаңында өткізіліп келеді. Іс-шара хореография саласында 500-ден астам жас таланттар мен 2000-нан астам ғалымдар мен профессорларды жинады.
Академия атынан 15 пен 20 жас аралығындағы 24 студент өнер көрсетуге жіберілді, сапарға Қытайдың ұлттық мұнай-газ корпорациясы CNPC демеушілік жасады.
Осы жылдар ішінде бұл форум өзін тәжірибе алмасу алаңы ретінде ғана емес, сонымен қатар басқа халықтардың мәдени және көркем мұраларын терең зерттеуге арналған орын ретінде көрсетті. Бейжің би академиясы ұйымдастырған "BDA-Dance Forum" бүгінде хореографиялық өнерді, кәсіптік хореографиялық білім беруді, "Жібек жолына" қатысушы халықтардың дәстүрлі би мәдениетін дамытуға бағытталған бірегей мәдени-қоғамдық, әлемдік алаң болып табылады, мұнда көпұлттылық, көпмәдениеттілік, толеранттылық, жан-жақтылық және ұлттық билердің алуан түрлілігі негізгі аспект ретінде саналады, сондай-ақ адам мен қоғамның дамуы, деп атап өтті Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры - Бибігүл Нүсіпжанова.